Жаңалықтар

"Алтын шыққан жерді белден қаз"

ашық дереккөзі

"Алтын шыққан жерді белден қаз"

Өкінішке қарай, елімізде кеніштен алтын ұрлау азаймай тұр. Соңғы бес жылда 19 мың адам алтын ұрлығымен ұсталған. Шынтуайтында, бұл ұрлық үстінде ұсталғандары ғана. Сытылып кеткендері қаншама?!. Солардың кесірінен Ақмола облысындағы Степногор өңірінде 9 миллиард теңгенің өнімі алынбай қалған,  сәйкесінше 3 миллиард теңгенің салығы да төленген жоқ. Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Үкімет басшысына жолдаған сауалында кеніштегі заңсыз жұмысшылардың жолын қиюды сұрады. «2014-2015 жылдары 9 миллиард теңгенің өнімі алынбай қалды. Өз өмірін қатерге тігіп, жер астына түсіп жатқандардың бәрі аман шығып жатқан жоқ», – деп құнды металдар айналымын реттеуді және халықты жұмыспен қамтудың балама жолдарын ұйымдастыруды сұрады. Расында, байып кетем деп, майып болғандар да саны аз емес. 2015 жылы 6 адам қаза тапқан екен. Қазақстандағы ең ірі алтын кеніштердің бірі – Ақмола облысындағы Степногор ауданында. Ұрлықтың көбі де осы кеніштерде болады. Наурыз айында бір тәуліктің ішінде алтын ұрлаған 63 адам ұсталды. Ақмола облыстық ІІД мәліметінше, қарақшылар бір күндік рейд барысында қолға түскен. Бұдан бөлек, жыл басынан бері Степногорск қаласына қарасты Ақсу және Бестөбе кенттеріндегі полиция бөлімшесіне құрамында алтыны бар руданы ұрлаумен айналысқан 800 адам жеткізілген. Оңай олжаға кенелу үшін Степногор қаласына Ақмола облысының аумағынан ғана емес, көрші облыстардан да адамдар көптеп келеді. Сол себепті, жол-патрульдік полиция қызметкерлері арнайы алдын алу шарасы барысында автокөлікті жіті тексеріп отырады. Сондай-ақ, рейд барысында Сепногор қаласында руда өңдейтін 2 шағын цех және құрамында 7 тоннадан астам алтын кені тәркіленді. Оған қоса, Ақсу және Бестөбе кенттеріндегі шахталарға заңсыз түсетін 5 астыртын жол анықталған. Аталған оқиғаларға байланысты ҚР ҚК 12 қылмыстық іс қозғалса, оның 8-і 334-бап (заңсыз жер қойнауын пайдалану) бойынша жауапкершілікке тартылады. Тағы бір мысал. Былтыр ақпан айында «Қазақалтын» кенішінің Ақсу кентіндегі №38 шахтасынан 4 қап алтын ұрланып, екі азамат ұсталды. Олар Теміртау қаласының азаматтары болып шықты. Ал соңғы бес жылдың статистикасын шығарар болсақ, мыңдаған адамның алтын ұрлығына қатысқанына куә боламыз. Алтын ұрлығының тыйылмауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аталған өңірлерде жұмыс жоқ. Екіншіден, оңай олжаға құныққандар қап-қап руданы жасырын цехтарға өткізеді. Былтырдан бері елімізде ұрланған алтынды өңдейтін осындай 75 цех әшкереленсе, осы уақыт ішінде 500 тонна шикізат тәркіленген. Үшіншіден, «Қазақалтын» басшылығының мәлімдеуінше, жазасыздық жұмысшылардың аранын ашып жіберген. Өйткені алтын ұрлаушылардың көбісі қылмыстық жазаға тартылмаған екен. «Соңғы бес жыл ішінде концерн нысандарынан алтын руда өндірген немесе ұрлаған 20 мыңнан астам алтын іздеуші ұсталған. Алайда олардың бір де біреуі қылмыстық жауапқа тартылмаған, 1 пайыздан да кемі әкімшілік жауапқа тартылған», – деді облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі бірінші басқарманың бастығы Еркебұлан Жүнісов. «Қазақалтын» бас директоры Евгений Балашовтың пікірінше, мұндай жауапсыздық алтын іздеушілерді аздырған. «Кейде барлығы қарақшылық кейпінде болады. Былтыр орын алған жағдайда адамдар карьерге басып кіріп, күзетші мен тоқтатпақ болған адамдарды соққыға жыққан. Ұрланған 14 келі алтын, бұл 560 мың АҚШ доллары тұрады,  осы жылы концерннен ұрланған. Өз күшімізбен сегіз мың алтын ұрлаушыны ұстадық», – деді ол. Бұл ретте қылмысқа қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері де қатысатын кездері болады екен. Алтын ұрлаушылардың күзетшіні сатып алу оңай деп мойындаған кездері бар. Мысалы, қыркүйекте күзет бастығы мен күзетшіге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар концерн аумағынан 58 миллион теңгенің алтынын алып шыққан. Алайда бұл жайттардың жиі орын алуына ықпал еткен бір фактор бар. Ол алтын өндіруші компаниялардың салықтан жалтаруға бағытталған өз айла-тәсілі. Олар өз адамдарын жердің астына жасырын жіберу арқылы, алтынды рудасын шығарады. Бұл еш жерге тіркелмейді, сәйкесінше салық та төленбейді. Осы орайда кеніште алтын қазған жұмысшыдан алтын ұрлығының қыр-сырын айтып беруді өтінген едік. Есімін жасырған кенші бұл айланың қыр-сырын газетімізге айтып беруге келісті. Ол Степногор маңайындағы алтын кеніштерінің бірінде бес ай алтын қазған. Жамбыл облысының тумасы таныстар арқылы алтын қазуға жігіттер жинастырып жатқанын естіп, баруға бел буады. «Біз Бестөбеде болдық. Жұмыс істеген компания бес мың жұмысшыны ресми тіркейді,  қалған бес мыңдай кеншіні жердің астына жібереді. Олар еш жерде тіркелмейді. Біз қазған алтынды басқа жаққа емес, компанияның өзіне өткіземіз. Бұл кімнің қалтасына түсетіні белгісіз, меніңше, жергілікті менеджерлердің қарымтасы», – дейді кенші. Өкінішке қарай, еңбегіне жақсы жалақы берілгенімен, мұндай жұмысшыларды ұзақ ұстамайтын көрінеді. «Мен бестөбеде жұмыс істедім. Маңайдағы ауыл тұрғындарының барлығы дерлік осы жерден күнкөрісті ажыратады. Мұнда Жолымбетке қарағанда жеңілірек. Күзетшіге ақша беріп, түсе беруге болады. Бірақ мұнда алтынның қоры аздау, Бестөбеде тым тереңге түспей-ақ 4-5 есе көп алтын алуға болады. Негізі алтын адамның басын айналдырып, есінен тандырады. Алтын қазған адамның тоқтауы қиын. Мұнда криминал көп. Менеджерлер басшылығын алдайды, күзетшілер мен жұмысшылар оны алдайды. Ал Астана мен Алматыда отырған басшылар мұның бірін білсе, бірін біле бермейді. Бестөбе, Ақсу, Жолымбеттен қазып алған алтын рудасын шайып, алынған алтынды сол жердегі «скупщикке» өткіземіз. Ол Степногордағы одан да ірі сатып алушыға өткізеді. Олар Ресей мен Қытайға жібереді. Қытайлар тіпті тазартылмаған руданы да сатып алуға дайын»,– дейді алтын қазушы. «Уақыт өте келе кез келген жерден алтынды қаза бермейтін болдық, себебі барлық жерде алтынның көлемі көп бола бермейді. Біз аз ғана алтын үшін тәуекелге бармаймыз, сынамасын алып, шайып, көлемін анықтаған соң ғана қазуға түсеміз. Шахталардың сыртқа шығатын қосымша төрт-бес есігі болады. Сол арқылы қабымызбен сыртқа шығамыз, кейде жұмысшылармен бірге де шыға береміз. Сыртқа шығатын жасырын есіктерді бастырып, жасырып қояды. Содан шыға алмай, мерт болады көбі. Кейде жарылғыш заттан көз жұмады. Оның бірі белгілі болса, кейбірі шахта түбіндегі шұңқырларда қала береді», – деді жантүршігерлік жайттарды жайып салып. Тоқсаныншы жылдардан бері Бестөбе кенішінің аумағынан заңсыз алтын өндіру жаппай белең алған еді. Кейінірек инвесторлар алтын кенішінің жұмысын жолға қойған соң заңсыз алтын өндіру тоқтатылды. Бірақ оңай олжа тапқысы келетіндер анда-санда бой көрсетіп, осы өңірден заңсыз алтын өндірумен айналысушылар қатары азаймай отыр. Былтыр жыл аяғында Мәжілісте Ақмола облысы прокурорының орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Әміралин осы күні қолданыстағы заңнаманың әлсіздігінен алтын рудасын ұрлаушылармен күресу мүмкін болмай отыр деді. Бірінші, қолданыстағы заңнаманың жетілмеуі, яғни, қымбат металдар мен шикізат тауарларын заңнамалық реттеудің болмауы. Екіншісі, алтын рудасын ұрлаушыларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктің қарастырылмауында болып отыр. «Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп құрамында алтыны бар руданы алумен заңсыз айналысушылармен күресу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп отырмыз. Онда бұл мәселені шешудің заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық сияқты үш жолы қарастырылған. Мәжілісте осы бағдарламаға қатысты «Қазақалтын» ТМК» АҚ құқық қорғау және мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, қажет болған жағдайда толықтыратын боламыз», – деді Қуаныш Әміралин өз сөзінде. Еліміздегі ең ірі кен орындары Шығыс Қазақстан облысындағы Бақыршық алтын кеніші мен Ақмола облысындағы Васильковск кеніштері. Олардың алтын қоры 500 мың тоннадан асады. 2014 жылы ҚР Геология және жер қойнауларын пайдалану комитеті Қазақстандағы алтын кеніштерінің картасын жасады. Оған сәйкес, еліміздегі ең ірі кеніш – Шығыс Қазақстанда. Оның қоры 537 мың келі алтынды құрайды, бұл шамамен 22 миллиард доллардан асады. Алтын қоры бойынша екінші кеніш Ақмола облысында. Мұнда 259 мың келілік алтын қоры бар, бұл 11 миллиард доллардан астам сома. Жалпы, елімізде 1 159 687,4 келілік алтын қоры бар. P.S. Қазақстанда 90 жылдары 20 тонна алтын өндірілсе, 2015 жылы 57 тонна өндірілген. Алдағы жылдары алтын өндіруді 75 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Бірақ жыл сайын жасырын алтын қазушылардың есесінде кететін алтын да аз емес. Бұл алтын маңайындағы ұсақ-түйек қызметкерлердің еншісінде қалып, бюджетке айтарлықтай шығын келтіріп отыр. Сондықтан алтын қазылатын аймақтарда жұмыспен қамтуды жолға қою аса маңызды іс екені даусыз.