Жаңа Конституция әділетті әрі орнықты дамудың негізіне айналады

19 ақпан, 2026 / Ербұлан Қайрат

Қостанай облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен әйел-кәсіпкерлердің өңірлік форумы және тұрғындармен бірқатар кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және оның мемлекеттілікті нығайтудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтудегі стратегиялық маңызын талқылау.

Өңірлік форумға 200-ге жуық кәсіпкер әйел, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Форум барысында қатысушылар конституциялық реформалар кәсіпкерлікті дамытуға, құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың белсенді қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Екатерина Смышляева сөз сөйлеп, алдағы өзгерістердің стратегиялық маңызын атап өтті.

«Жаңа Конституция Әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізін қалыптастырады. Ол заң үстемдігін нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асырып, ел дамуына үлес қосуға жағдай жасауға бағытталған», – деді депутат.

Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыратынын және азаматтық қоғамның маңызды шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейтетінін атап өтті.

«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Алмат Досмұхамедов жаңа Конституцияда әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқықтарын қорғау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру қағидаттары айқын көрініс тапқанын айтты.

Сондай-ақ коалиция мүшелері Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізіп, конституциялық реформалардың мемлекеттің құқықтық негізін нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі маңызын талқылады.

Бұдан бөлек ССГПО еңбек ұжымымен кездесу өтті. Онда қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелері көтерілді. Кәсіпорын өкілдері жаңа Конституция нормалары еңбек кепілдіктерін нығайтуға және әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар коалиция мүшелері «НПО Медидез» ЖШС ұжымымен кездесті. Қатысушылар конституциялық реформалар экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Кездесулер қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық міндеттеріне сай келетінін, мемлекеттік институттарды нығайтып, әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құрудың берік негізін қалыптастыратынын атап өтті. Алдағы референдум ел дамуының маңызды кезеңі екені және қоғамның әділеттілікке, тұрақтылыққа және орнықты болашаққа ұмтылысын көрсетеді.

Тэгтер:

«AMANAT» Конституция