АҚШ-тағы State University of New York жанындағы Оптометрия колледжінің зерттеушілері алысты көрмейтіндердің күрт көбеюі экранға үңілу емес, көздің тор қабығына жететін жарықтың жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері Cell Reports журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Миопия – алыстағы заттарды анық көре алмау. Соңғы онжылдықтарда бұл мәселе жаһандық ауқымға жетті: АҚШ пен Еуропада жастардың шамамен жартысы осы дертке шалдыққан, ал Шығыс Азияның кейбір өңірлерінде көрсеткіш 90%-ға дейін барады. Генетиканың рөлі бар, алайда мұндай жылдам өсім қоршаған орта факторларының ықпалы зор екенін көрсетеді.
Ғалымдар ұсынған гипотезаға сәйкес, негізгі себеп – көмескі жарықта кітапқа, смартфонға немесе планшетке ұзақ уақыт үңілу. Ашық күн сәулесінде қарашық кішірейгенімен, жарық жеткілікті болады. Ал бөлме ішінде жақынға фокус жасағанда қарашық аккомодация әсерінен (көз бұршағының оптикалық күшінің өзгеруі) тағы да тарылады. Егер жарық аз болса, тор қабыққа түсетін сәуле көлемі едәуір кемиді. Зерттеушілердің пікірінше, дәл осы ұзақ уақыт жақыннан қарау мен төмен жарықтың үйлесімі көз алмасының ұзаруына түрткі болып, миопияның дамуына әкелуі мүмкін.
Тәжірибелер теріс линзалардың аккомодацияны күшейтіп, қарашықтың одан әрі тарылуына және тор қабықтың жарықтануын азайтуға әсер ететінін көрсетті. Бұл құбылыс көру жүктемесі артқан сайын және миопия үдеген сайын айқындала түседі.
Ғалымдардың айтуынша, егер бұл теория расталса, миопияның алдын алу тәсілдері өзгеруі ықтимал. Яғни, жеткілікті түрде жарықтандыру, жақын қашықтыққа ұзақ уақыт қарауды шектеу және далада көбірек уақыт өткізу көздің алысқа көп қарауына жағдай жасап, мол жарық алуына мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, көзге демалыс пен жарық керек.