Қостанай облысының Рудный қалалық соты кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін азамат Г-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Күдікті баланың анасымен бірге тұрған. Бала 2017 жылы туған. Ол баланың құлағын бұрап, күш қолданған. Мұны білген туған әкесі сотқа арыз түсірген.
Сотталушы сотта кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.
Жаза тағайындау кезінде сот оның бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, алайда қоғамдық тәртіпті және тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын, тұрғылықты жері бойынша теріс мінездеме берілгенін ескерді.
Іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот оған 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сот қаралған іс мән-жайларын ескере отырып, баланың тұру және тәрбиелену жағдайларын тексеру үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына жеке қаулы шығарды.