Алматы облысындағы «Фирма-Бент» ЖШС зауытында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің еңбек ұжымымен кездесуі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz Жалпыұлттық коалицияның сайтына сілтеме жасап.
Жиын Жаңа Конституция жобасы мен алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов және Сергей Пономарев, қоғамдық институттар мен әлеуметтік қолдау жүйесінің, білім беру саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен өңірлік актив мүшелері қатысты.
Зауыт қызметкерлері алдында сөз сөйлеген Аида Балаева Коалицияның барлық өңірлерде жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Коалиция мүшелері кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарына арнайы барып, Жаңа Конституция жобасын азаматтармен тікелей талқылауды мақсат етіп отыр. Ұсынылып отырған Ата Заңның жаңа редакциясы қоғамның әділеттілік пен айқын ережелерге деген сұранысын толық ескереді. Ал, құжаттың түпкі логикасы азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған.
«Біз сіздерге Жаңа Конституция жобасының мәні мен алдағы референдумның маңызын түсіндіру үшін келдік. Жаңа Конституцияны халықтық деп атауға толық негіз бар. Өйткені түзетулер қоғамның түрлі өкілдерінің – заңгерлердің, сарапшылардың, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қатысуымен әзірленді. Ең бастысы, азаматтарымыздан онлайн форматта және тікелей жолданған ұсыныстар негізінде қалыптасты. Сондай-ақ жобада еңбек құқықтарын қорғау, өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі нормалардың бекітілгенін ерекше атап өткім келеді. Себебі қолданыстағы да, жаңа Конституциядағы да ең басты құндылық – адам өмірі. Біз қауіпсіз өмір, қауіпсіз қоғам және қауіпсіз өндіріс туралы айтуымыз керек», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысының ауқымы мен оның қоғамдық сипатына ерекше тоқталды.
«Бұл құжат өздігінен пайда болған жоқ. Оның әзірленуіне үздік ғалымдар, заңгерлер, экономистер мен сарапшылар, тәулік бойы нормаларды талдап, салыстырған жаңа буын кәсіби мамандар қатысты. Жоба қоғамдық талқылауға шығарылып, жарияланды, медиакеңістікте және әлеуметтік желілерде кеңінен сарапқа салынды. Сондықтан, меніңше, бұл – азаматтардың сенімін нығайтып, отбасы мен балалық шақтан бастап әділдік пен жүйенің ашықтығына дейінгі негізгі құқықтарды тиімді қорғауға қабілетті құжат», – деді Жанарбек Әшімжанов.
Кездесу барысында еңбек ұжымының ұстанымын кәсіпорын технологы Галина Сухаребрева білдіріп, конституциялық нормалардың кадр даярлау жүйесімен және жұмысшы мамандықтарды қолдау шараларымен өзара тығыз байланысына назар аударды.
«Біз үшін адами әлеует – жай ұран емес. Қандай өндіріс болмасын, білім мен инновациясыз оның дамуы мүмкін емес. Біз өзгерістерді қолдаймыз және адами әлеуетке арналған бөлімде жұмысшы мамандық иелері мен орта техникалық білім беру мәселесінің де көрініс табуы маңызды деп санаймыз. Мемлекет елге білікті мамандар даярлап, жастарды қолдау көрсетеді. Олар кәсіп меңгеріп, өз ісінің нағыз кәсіби шеберіне айналуда», – деді Галина Сухаребрева.
Мұнан соң Жалпыұлттық коалиция өкілдері отандық зауыттың жұмысымен және өндірісте заманауи технологиялардың енгізілу барысымен танысты. Кездесу соңында Аида Балаева еңбек ұжымымен жеке әңгімелесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, азаматтардың Ата Заңның болашағына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысуының негізгі тетігі референдум екенін айтты.