Көкшетау қаласының 58 жастағы тұрғыны жаяу жүргіншілер өткелінде көлік астына түсіп, қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«19 ақпан күні шамамен сағат 09:00-де Көкшетау қаласында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы тіркелді. 35 жастағы жүргізуші Hyundai Accent автокөлігін басқарып, Қызыл Жар көшесінің “Бал Махаббат” мейрамханасы маңындағы қиылыста жолдың жүріс бөлігімен келе жатып, жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан азаматты қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 58 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция жол қозғалысына қатысушылардың барлығын өзара құрмет пен жауапкершілік танытуға шақырады. Есте сақтаңыз: ережелерді сақтау – өмір мен денсаулықты қорғаудың кепілі.
Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілерге және жол қозғалысының басқа да қатысушыларына жол бермегені үшін 410 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.