Теміртау қаласында трамвай өртеніп кетті (ВИДЕО)

Бүгін, 15:28 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

18 ақпанда Теміртаудағы Республика даңғылында рельсте тұрған бағыттық трамвай вагоны өртенді. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды turkystan.kz ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, өрт шыққан сәтте салонда жолаушылар болмаған, зардап шеккендер жоқ. Бейнекадрлардан вагонның жоғарғы бөлігі зақымданғаны және ұшқындардың жан-жаққа шашырағаны көрінеді.

ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт туралы хабарлама сағат 21:50-де түскен. Вагонның пластик төбе қаптамасы 0,2 шаршы метр аумақта жанған. Кейін жалын өздігінен сөнген, өрт сөндірушілердің көмегі қажет болмаған.

Қаланың қалақұраушы кәсіпорны – «Qarmet» АҚ мәліметінше, бүгін таңғы сағат 05:00-ден бастап трамвай қозғалысы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Өрт шыққан вагон жөндеуге қойылған. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, оқиғадан кейін ол бірден депоға сүйретіліп әкетілген.

Өрттің шығу себептері ресми түрде әлі аталған жоқ. Алайда құтқарушылар ұсынған фотосуреттерге қарағанда, қысқа тұйықталу орын алуы мүмкін.