Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

Бүгін, 05:29 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Синоптиктер 19 ақпан күні Қазақстан аумағы бойынша дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

19 ақпанда Астана қаласында ауа температурасы түнде және күндіз күрт төмендеп, 11–13 градус аяз болады.

Ақмола облысында түнде және күндіз ауа температурасы 10–15 градусқа дейін төмендейді, облыстың батысы мен солтүстігінде 20 градус аяз күтіледі.

Ақтөбе облысында түнде аяз 12–17 градусқа дейін жетеді, ал облыстың оңтүстігінде 7 градусқа дейін күн суытады.

Қостанай облысында түнде 15–20 градус аяз, солтүстік-шығысында 23 градус аяз, күндіз 12–17 градус аяз, солтүстік-шығысында 20 градус аяз күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз 15–20 градус аяз, облыстың солтүстігінде 23 градус аяз болады.

Павлодар облысында түнде және күндіз 8–13 градус аяз, батысы мен солтүстігінде 16 градус аяз күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен батысында күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. Шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Жетісу облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с.

Ұлытау облысында жауын-шашын, солтүстігі мен шығысында кей уақытта қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін барады.

Жамбыл облысында ауа температурасы түнде және күндіз 3–8 градус шамасында жылиды, солтүстігі мен таулы аудандарында 2 градус аяз күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігінде түнде жауын-шашын (жаңбырдың қарға ауысуы), жаяу бұрқасын, күндіз қар, боран болады. Облыстың оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстігі мен шығысында қалың қар күтіледі. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болады. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.

Маңғыстау облысының батысында, солтүстігінде және орталығында тұман күтіледі. Жел екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 25 м/с-қа дейін барады.

Түркістан облысының солтүстігінде түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Батысы, солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман түседі. Таулы асуларда желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.

Атырау облысының батысы, оңтүстігі және шығысында тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетуі ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде түнде және күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, көктайғақ, кей уақытта қатты жауын-шашын күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с.

Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, көктайғақ, кей жерде қатты жауын-шашын болады. Жел екпіні 15–20 м/с, кейде 23 м/с дейін ұйытқиды.

Алматы облысының оңтүстігі мен орталығында желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді.

Қызылорда облысының солтүстігінде түнде және таңертең көктайғақ болады. Облыстың орталығы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с.