Гвардейск гарнизонындағы оқиға: Бірнеше шен иесі қызметінен алынды

18 ақпан, 2026 / Өтей Торғайұлы
Қорғаныс министрлігі

Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағындағы Гвардейский гарнизонында әскери бөлімдердің біріндегі сарбаздың дене жарақатын алу фактісіне қатысты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Отардағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз Есбол Қапардың жақ сүйегі сынып, бірнеше апта жекеменшік пәтерде отырғаны жайында ақпарат тараған. Алайда әлі күнге дейін болған жағдайдың нақты себебі белгісіз.

Ал бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева оқиғаға байланысты сарбаз қызмет атқаратын әскери бөлімде кадрлық өзгерістер жасалғанын мәлімдеді.

"Нақты айтқанда кадрлық шешім қабылданып, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды. Әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметтік әрекетке сәйкес емес деп ескерту жарияланды. Бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды", - деді Әйгерім Ағылтаева.

Тэгтер:

сарбаз Қорғаныс министрлігі командир әскери бөлім жақ