Олимпиада-2026: Норвегиялық шаңғышы сенсация тіркеп, 10 дүркін Олимпиада чемпионы атанды

Бүгін, 17:48 / Дана Ізтілеуова
Фото: Tom Welter/Getty Images

Норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо Қысқы Олимпиада ойындары тарихында 10 алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

18 ақпанда Клебо мен оның отандасы Эйнар Хедегарт Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында командалық спринтте жеңіске жетті. Бұл алтын Клебоның мансабындағы оныншы Олимпиада алтыны болды.

Клебо 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында үш алтын, ал  2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында 2 алтын медаль иеленген еді.

Бұл күндері Италияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ол шаңғы жарысынан өткен барлығы 5 жарыста чемпион атанды.

Енді соңғы алтыншы жарыс – 21 ақпанда классикалық стильдегі 50 шақырымдық марафон өтеді.

Клебо Олимпиада алтынын иелену бойынша ресейлік гимнасшы Лариса Латынина, америкалық жүзуші Кэти Ледеки, финляндиялық жеңілатлет Пааво Нурми, америкалық жүзушілер Марк Спитц пен Калеб Дрессель мен америкалық жеңілатлет Карл Льюисті (барлығында 9 алтыннан) басып озды.

Ол – Олимпиада тарихында америкалық жүзуші, аты аңызға айналған атлет 23 дүркін Олимпиада чемпионы Майкл Фелпстен кейінгі алтын жүлдесі көп екінші спортшы.

Тэгтер:

Олимпиада-2026 Норвегиялық шаңғышы Йоханнес Клебо