ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады

Бүгін, 11:50 / Алуа Арман
Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды turkystan.kz.

13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде облыстық әкімдікте бұл жөнінде мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ әкімдік өкілдері «әкім орынбасары денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысына шықты» деп хабарлаған.

Tengrinews.kz мәліметінше, ҰҚК шенеунікке қатысты тергеу басталғанын растаған.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген ведомствоның ресми сауалға берген жауабында.

Алайда ҰҚК айыптаудың нақты мәні неде екенін және тергеу Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқанын ашып айтпады.

Тэгтер:

Әкім ҰҚК тергеу орынбасар Шығыс Қазақстан облысы Жақсылық Омар