Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты фазендаға достарымен бірге барған ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адам көлік бұзылғаннан кейін белгісіз бағытта кеткен.
13 ақпанға қараған түні ТЖД-ға 1982 жылы туған ер адамның Т. Рысқұлов ауданы Аққұдық елді мекенінің құмды аумағында достарымен бірге болып, көлігі бұзылғаннан кейін белгісіз бағытта кетіп қалғаны туралы хабарлама түскен.
Содан бері ол байланысқа шықпаған. Іздеу жұмыстары төрт күнге созылды. Оған ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен аудан тұрғындары жұмылдырылды.
17 ақпан күні таңертең ашық дала аумағынан жергілікті тұрғындар жоғалған ер адамның мәйітін тапты.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.