Дубайдағы WTA-1000 санатындағы турнирдің 1/4 финалына шығу үшін Елена Рыбакина Хорватия өкілі Антония Ружичпен кездеседі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлемнің үшінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Дубайдағы (БАӘ) WTA-1000 санатындағы турнирдің үшінші айналымына шықты.
Екінші айналымда ол рейтингте 94-орында тұрған аустралиялық Кимберли Бирреллді 6:1, 6:2 есебімен жеңді.
Матч 1 сағат 2 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина алты эйс жасап, бір қос қателік жіберді және алты брейк-пойнттың төртеуін сәтті жүзеге асырды. Бирреллдің еншісінде бір эйс, төрт қос қателік және іске аспаған үш брейк-пойнт бар.
Дубайдағы «мыңдық» турнирдің 1/4 финалына жолдама үшін Елена Рыбакина әлемнің 67-ракеткасы, хорватиялық Антония Ружичпен сынға түседі.