Астанада мәдениет пен ақпарат саласын жаңғырту жолдары талқыланды

Бүгін, 20:37 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жетекшілері және салалық құрылымдардың өкілдері қатысты. Отырыс барысында министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтар айқындалды.

Алқа отырысын ашқан Аида Балаева Негізгі заңға енгізілген ауқымды өзгерістерге ерекше тоқталды. Ол ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің іргелі даму қағидаттарының қатарына енгізілгенін атап өтті.

Кездесу барысында министрлік қызметінің барлық бағыттары бойынша жаңа тәсілдер мен заманауи даму үрдістері жан-жақты қаралды. Салаларды уақыт талабына және өзекті сын-қатерлерге сай жүйелі жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесіне негізделген жаңа Конституция жобасы сөз бостандығына кепілдік беретінін, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау жөніндегі норма алғаш рет енгізілгені атап өтілді. Осыған байланысты Аида Балаева министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша тоқталды. Премьер-Министрдің орынбасары саланың бірыңғай әрі кешенді цифрлық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Алқа отырысына қатысушылар мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияларды жүйелі қолдау, ақпараттық саясатты жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тиімді іске асыру мәселелерін талқылады.

Жиынды қорытындылаған Аида Балаева әріптестеріне атқарылған нәтижелі жұмыс үшін ризашылығын білдіріп, әр бағытта нақты бастамалар көтеріп, жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды. Үкімет басшысының орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді және қойылған міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Тэгтер:

ақпарат Аида Балаева Мәдениет