Түркістан облысында жас жігіттің көкпардан кейін соққыға жығылғаны жайлы ақпарат тарады

Бүгін, 20:11 / Өтей Торғайұлы
Ашық дереккөз

Әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Түркістан облысында көкпардан кейін жас жігіттің соққыға жығылғаны жөнінде хабар тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Желіде жарияланған мәліметтерге сәйкес, оқиға Сайрам ауданында болған. 20 жастағы азаматты бір топ адам ұрып-соққан. Жәбірленушінің жақындарының айтуынша, жанжал күндіз көкпар барысында туындап, кешке қарай әлгі азаматты күдіктілер «сөйлесуге» шақырған. Туыстары оны екі сағаттан соң тауып алғандарын жеткізді.

Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 ақпан күні Сайрам ауданының тұрғыны дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат түскен.

«Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, мән-жайды анықтауға кіріскен. Полицейлер оқиғаға қатысы бар адамдар мен куәгерлерді анықтаған. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жергілікті екі тұрғын күдікті ретінде ұсталған. Сот шешімімен оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасуда. Туыстарының айтқан уәждері де тексерілетін болады. Ал жәбірленуші емдеу мекемесінде дәрігерлердің бақылауында», – деп жазылған tengrinews.kz сайты таратқан ақпаратта.

Тэгтер:

Түркістан облысы көкпар