Тараз қалалық соты қызметкердің ЖШС-не қатысты денсаулыққа келтірілген материалдық залалды және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот 2022 жылғы қазан айында талап қоюшы кәсіпорынының ферроқорытпа цехында балқытушы болып жұмыс істей жүріп, өндірісте болған жазатайым оқиға салдарынан ауыр дәрежедегі жарақат алғанын анықтады.
Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы жүргізген арнайы тексеру нәтижесіне сәйкес, аталған жазатайым оқиға бойынша жұмысшының кінәсі 70%, ал жұмыс берушінің кінәсі 30% деп анықталған.
Сот талап қоюшының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарын бұзуы салдарынан жарақат алды деген қорытындыға келді, бұл ретте келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің ішінара жауапкершілігінің бар екені де мойындалды.
Іс материалдарын зерттей келе, сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, ЖШС-нен А.-ның пайдасына 1 млн теңге денсаулыққа келтірілген зиян үшін, 221 мың теңге материалдық шығын (дәрі-дәрмекке жұмсалған қаражат), 1 млн теңге моральдық зиян үшін өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.