Күнделікті қарапайым хоббилер Альцгеймер қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Rush University ғалымдарының зерттеуіне сәйкес, жиі оқу, жазу немесе жаңа тіл үйрену деменцияның осы түрінің даму қаупін шамамен 40%-ға азайтуы ықтимал, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге орташа жасы 80-ге жуық 2 мыңға тарта адам қатысқан. Ғалымдар оларды сегіз жыл бойы бақылаған. Қатысушылар өмір бойы білім алуға деген қызығушылығын, энциклопедия, газет-журнал оқу, кітапханаға бару, шет тілін меңгеру, шахмат ойнау, басқатырғыш шешу сияқты әрекеттерін көрсеткен. Тіпті балалық шақтағы тәжірибесі де ескерілген: мысалы, оларға кішкентай кезінде дауыстап кітап оқып берген-бермегені де.
Нәтижесінде зияткерлік белсенділігі жоғары адамдарда Альцгеймер ауруы орта есеппен 5 жылға кеш дамыған. Ал жеңіл когнитивтік бұзылыстар 7 жылға кешірек байқалған. Сонымен қатар өмірден қанағат алу деңгейі жоғары және белсенді ортада өмір сүрген адамдарда жеңіл когнитивтік бұзылыстар қаупі 38%-ға төмен болған. Олардың есте сақтау қабілеті мен ойлау жылдамдығы жақсырақ сақталып, қартаю алдындағы нашарлау баяуырақ жүрген.
Ғалымдар зерттеудің шектеуі бар екенін де атап өтті: қатысушылар жастық шағындағы тәжірибені егде жаста еске түсірген, сондықтан кей деректер дәл болмауы мүмкін. Дегенмен нәтижелер өмір бойы миды жаттықтыратын қарапайым хоббилердің ұзақ мерзімді пайдасы бар екенін көрсетеді.
Яғни, күнделікті оқу, жаңа нәрсе үйрену немесе логикалық ойындар ойнау тек уақыт өткізу емес, болашақтағы ми саулығына салынған инвестиция.