Астана қаласында кәмелетке толмаған қызға тиіскен ер адам 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты азамат Б.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік істі қарады.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 11 ақпанда шамамен сағат 11:00-де азамат Б. тұрғын үйдің бірінші қабатында және лифт кабинасында 2014 жылы туған кәмелетке толмаған К.-ға тиіскен.
Қыз бала бірінші қабатта лифт күтіп тұрған. Б. лифт жанына келіп, мазасыз әрекет жасаған. Алдымен лифтке қыз кірген, артынан Б. кірген. Ол қызды айналып өтіп, арт жағынан тұрып, иығынан түсіп қалған рюкзагына тиген. Қыз бұрылғаннан кейін ер адам лифттен шығып кеткен.
Сот Б.-ның әрекеттері кәмелетке толмағанның жеке кеңістігі мен тыныштығын бұзды деп таныды.
Б. өз кінәсін мойындамады және әрекеттеріне түсініктеме бермеді. Қыздың заңды өкілі баланың үйге алаңдаулы күйде оралғанын және лифттегі жағымсыз жағдай туралы айтқанын мәлімдеді.
Сот құқық бұзушылықтың кәмелетке толмағанға қатысты жасалғанын ескеріп, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.