Қостанайда алаяқтар темекі қораптарына пенопласт пен құм салып, 15 млн теңгеге сатқан

Бүгін, 11:55 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай қаласының №2 соты ірі мөлшердегі алаяқтық жасау фактісі бойынша А.М., С.А., К.Ж., К.Н. және Б.И.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылғы қыркүйек айында сотталушылар алаяқтық жасауға тікелей қасақана ниетпен «ORIS» маркалы темекі қораптарының ішіне пенопласт пен құм салып, жәбірленуші М.-ға барлығы 78 жалған қорапты сатқан.

Тауар үшін ақшалай қаражатты алғаннан кейін оқиға орнынан бой тасалап, жәбірленуші М.-ға 15 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірген.

Сотта сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне шын жүректен өкінетіндерін білдіріп, келтірілген материалдық залалды ерікті түрде өтеген.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың шын жүректен өкінуін, кінәні толық мойындауларын, материалдық залалды ерікті түрде өтеулерін, сондай-ақ А.М., С.А., К.Ж. және Б.И.-дың асырауында кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескерді.

Сот сотталушылардың жеке басын, жәбірленушінің пікірін, келтірілген залалдың ерікті түрде өтелуін және істің барлық мән-жайларын ескере отырып, әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, тағайындалған мерзімнің барлығына пробациялық бақылау белгіледі.

Азаматтық талап толық көлемде қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Алаяқ Қостанай темекі құм қорап пенопласт