Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанға қысқы Олимпиада ойындарында соңғы 32 жылдағы алғашқы алтын медальді сыйлады.
Ол Ұлттық Олимпиадалық комитетіне берген сұхбатында жеңіске толы тарихи кешті және одан кейінгі бірнеше күнді қандай ой-сезіммен өткергені туралы айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қысқа бағдарламада бесінші орын алған Михаил Шайдоров еркін бағдарламада бес бірдей төрттік секіруді мүлтіксіз орындап, осы бағдарламада да, қос бағдарлама қорытындысында да үздік атанды.
"Әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді бір бағдарламада орындауға талай рет тырыстым, бірақ ешқашан сәтті шықпаған еді. Ал Олимпиадада бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Мен бұл Олимпиадаға бес жасымнан бері келе жатырмын. Маусым бойы бар мүмкіндігімді дәл осы Олимпиадада көрсетуге тырыстым. Бұл менің қолымнан келді. Медальді бүкіл Қазақстан халқына арнағым келеді.
Медаль алғанымды, ең кемі қола жүлдеге іліккенімді түсінген сәтте өзімді әлемдегі ең бақытты адамдай сезіндім. Күміс болуы мүмкін екенін ұққанда өзімді қоярға жер таппадым. Ал алтын алғанымды түсінгенде - бұл жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Жасаған еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім", - деді Михаил.
Олимпиада чемпионы тарихи жеңісінен кейін екі күн ұйықтай алмағанын айтты.
"Екі күн бойы ұйықтамадым. Дәлірек айтсам, бар-жоғы екі сағат қана көз ілдім. Шынымды айтсам, бүгінге дейін не болғанын толық сипаттап бере алмаймын. Соңғы күндер адреналинге, өзіме деген сенім мен мақтанышқа толы болды. Бірақ ең бастысы - еліме деген мақтаныш сезімі басым болды", - деді М. Шайдоров.
Бұл жарыста басты фаворит, екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин болған еді. Алайда ол америкалық спортшы екі рет құлап, тағы үш секіруде қателік жіберіп, еркін бағдарламада 15-орын, жалпы есепте сегізінші орын алды. Десе де Ильямен дос екенін және оған қолдау көрсеткенін айтты.
"Илья өнер көрсетіп жатқанда көңілім сан түрлі күй кешті. Оған қолдау білдіргім келді. Менен кейін шыққан барлық спортшы үшін алаңдадым. Өйткені олардың әрқайсысы осы Олимпиадаға қандай жолмен жеткенін білемін. Әрқайсысына жанкүйер болып, қолдап, жігерлендіруге тырыстым.
Илья - тек мықты спортшы ғана емес, ол ең алдымен өте жақсы адам. Біз жасөспірімдер жарысынан бері қатар келе жатырмыз. Сондықтан оған қолдау көрсеткім келеді. Бізді табыстырғаны үшін Ильяға да, мәнерлеп сырғанау спортына да ризамын. Біз тек өзара бәсекелес спортшылар ғана емеспіз. Біз бір үлкен отбасы секілдіміз. Бұл орта әртүрлі адамды біріктіріп, мәнерлеп сырғанауды бірге дамытуға жол ашады. Алда талай жарыста осы жолды бірге жалғастыра береміз", - деді спортшы.