«Үйден екі мәйіт табылған»: Майқайыңдағы оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 09:32 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Павлодар облысында жеке тұрғын үйден ер адам мен әйелдің мәйіті табылды. Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға ұзақ уақыт бойы көршілеріне де, марқұмдардың туыстарына да белгісіз болып келген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы ТВ мәліметінше, мәйіттердің бірі үй ішінде шамамен екі жылдай, екіншісі бірнеше ай жатқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар үй иесінің жақын туыстары – жұбайы мен қызы болуы мүмкін.

Дабылды медицина қызметкерлері қаққан: науқастардың бірі ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмеген.

«Қалыпты отбасы еді, жақсы араласатынбыз, бір-бірімізге қонаққа барып тұратынбыз. Соңғы кезде мүлде ешкімді кіргізбейтін болды. “Күйеуіңіз көрінбей кетті – Саша ағай қайда?” деп сұраймыз. Жауап бермейді. Соңғы уақытта оны мүлде танымай қалдық», – дейді көршісі Өміртай Шәріпжанов.

Үй иесінің дәл қасында тұратын туған әпкесі болған жайттан бейхабар болған. Көршілердің болжауынша, әйел адам күйеуінің зейнетақысын және қызына тиесілі жәрдемақыны ала беру үшін мәйіттерді үйде ұстауы мүмкін.

Үйде сондай-ақ марқұмның алты жастағы қызы болған. Бала тексеру үшін үш күнге Майқайың ауруханасына орналастырылды.

«Қазіргі таңда баланың психоэмоционалдық жағдайы тұрақты. Онымен бейінді мамандармен қатар балалар психологы жұмыс істеп жатыр. Белгілі бір уақыт аралығында барлық рәсімдер сақтала отырып, бала Екібастұз қаласындағы Балаларды қолдау орталығына орналастырылады», – деді балалар омбудсмені Сәуле Шакенева.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері де барған. Үй иесі психикалық жағдайын бағалау үшін психиатриялық ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, бұл ақпарат 13 ақпанда жарияланған. Павлодар облысы Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Тэгтер:

Павлодар облысы мәйіт мумия Майқайың