«Кешірім сұраймын»: Қайрат Әділгерей күйші Құрманғазының кесенесіне барды

16 ақпан, 2026 / Өтей Торғайұлы

Танымал актер әрі әзілкеш бірнеше жыл бұрынғы сұхбаттарының бірінде айтқан сөзі үшін қоғам наразылығына ұшыраған. Оны күйшінің ұрпақтары сотқа беретінін айтып, кешірім сұрауды талап еткен. Ал бүгін Қайрат Әділгерей Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесіне арнайы барды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол кесене басында тұрып, өзінің ағаттық жасағанын мойындаған. Сондай-ақ құрбан шалып, құран бағыштағанын айтқан.

"Ассалаумағалейкум, құрметті Қазақ елі! Мен арнайы Алматыдан ат терлетіп, Ресейдің Астрахан облысы Алтынжар елдімекеніндегі Құрманғазы бабамыздың басына келдім. Осы ретте бүкіл қазақ жұртшылығынан, қазақ елінен, Құрманғазы атамызды ұрпақтарынан кешірім сұраймын. Осындай атамыз туралы қисынсыз сөз айтқаным үшін.  Қазір атамыздың басына келіп, құран бағыштап, мал сойып, зиярат еткелі жатқан жайымыз бар", - деді әзілкеш.

Еске салсақ, бұған дейін шоумен Құрманғазыға тіл тигізген видео желіде тараған.

«Құрманғазы туралы айтар болсақ, ол тіпті «разбойник» болған, былай айтқанда «по-черному» жүрген. Исатай досы екеуі байлардан тартып алып, кедейлерге берген. Ал хоббиі күй тарту болған. Бірақ осындай дүниелердің бәрін біз зерделеп, аша алмай жатырмыз. Киноларымызда да дәріптелмей келеді» деп пікір білдірген болатын.

Осы сөзден кейін Құрманғазы Сағырбайұлының ұрпақтары жиналып, оны сотқа беретіндерін мәлімдеген.

Тэгтер:

Кешірім Актер Құрманғазы кесене күйші