Астаналық мергендер Азия чемпионатында 7 медаль жеңіп алды

Бүгін, 17:07 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында нысана көздеуден Азия чемпионаты өтті. Ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы үш жас санатында өткен жарыста құрлықтың 20 елінен келген 320 спортшы жүлделерді сарапқа салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Турнирге Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 47 мерген қатысты, олардың қатарында елорда спортшылары да бар. Астаналық мергендер чемпионатта 7 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 5 күміс және 1 қола.

Бүгін жүлдегерлерді туыстары, достары және Астана қаласының №9 спорт мектебінің басшылығы салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыларды халықаралық аренада ел мен қаланың намысын абыроймен қорғағаны үшін қошеметпен, гүл шоқтарымен және алғыс сөздермен қарсы алды. Кездесу ерекше әсерлі әрі мерекелік жағдайда өтті.

Астаналық мергендердің нәтижелері:
• МП-8 – Кирилл Цуканов (1-орын, командалық);
• ПП-3 – Темірлан Ердембек (2-орын, командалық);
• МП-5 – Асылым Жақия (2-орын, командалық);
• ПП-3 – Інжу Қошқарбай (2-орын, командалық);
• ВП-6 – Аят Қашқымбаев (2-орын, командалық);
• МП-6 – Темірлан Ердембек (2-орын, командалық);
• MIX – Темірлан Ердембек / Асылым Жақия (3-орын).