Елордада Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» студиясының концерті өтті

Бүгін, 16:15 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Нұрғиса Тілендиев атындағы «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының «Рухы биік ұрпақ – тәуелсіз ел!» атты есептік концерті өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін, ардагерлерін және тәрбиеленушілердің ата-аналарын бір арнада біріктіріп, жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудегі маңызды оқиғаға айналды.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов құттықтау сөз сөйлеп, «Жас сарбаз» студиясының көркемдік жетекшісі лейтенант Альмира Асылбековаға «Ел қорғаны» ведомстволық медалін табыс етті.

– Бүгін біз тарихқа, мәдениетке және Отан қорғаушы қызметіне құрметпен қарайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар ел болашағының рухани тірегін қалыптастырады, – деді Арман Әсенов.

Концерттік бағдарламада «Сарыарқа», «Адай» халық күйлері орындалып, хореографиялық және вокалдық нөмірлер көрсетілді. «Туған жер» композициясы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Концертте соңғы шырқалған «Біздің ұран – өркендеу» әнінде қатысушылардың бәрі сахна төріне шығып, көрермен қошемет көрсетті.

Альмира Асылбекованың айтуынша, бүгінде «Жас сарбаз» студиясына 5 пен 14 жас аралығындағы 200-дің үстінде әскери қызметшінің балалары қатысады. Сабақтар тегін өтеді.

–  Біздің мақсатымыз – балалардың талантын ашу, өзіне деген сенімділік пен Отан алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу, – деп атап өтті ол.

Студия тәрбиеленушілеріне балетмейстер Ержан Құдайбергенов, вокалдан педагог Гүлмира Сейітова, домбырадан педагог Бауыржан Жолдыбеков, ал «Шешендік өнер» курсынан Бақытжан Тәжинов сабақ береді. Іс-шара барысында аталған тәлімгерлерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.

2025 жылы студия тәрбиеленушілері «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Жиынның ашылу салтанатына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Одан өзге балалар өңірлік және халықаралық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанды.

Есеп беру концерті Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымдарының қолдауымен және тәрбиеленушілердің ата-аналарының қатысуымен ұйымдастырылды.

Демалыс күндері мерзімді қызмет сарбаздарына арналған осындай концерттер Алматы, Абай, Сарыөзек және Гвардейск гарнизондарында да өтті. Мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің басын қосып, ынтымаққа, бір-бірін қолдауға ықпал етеді.

Бағдарламалардың негізгі мақсаты жеке құрамның моральдық рухын көтеріп, жауынгерлердің бойында Отанды сүю, әскери борышқа адал болу және өткен тарихымызға құрметпен қарау сезімдерін қалыптастырады.