Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында сирек диагноз – краниосиностоз, скафоцефалиямен ауыратын үш жастағы балаға операция жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ота шамамен үш сағатқа созылып, сәтті өтті.
Айта кетейік, краниосиностоз – бас пішінінің жай ғана ерекшелігі емес. Бұл дерт кезінде бас сүйегіндегі жіктердің бірі мерзімінен бұрын бітеліп қалады. Соның салдарынан бас сүйек сүйектері қалыпты бағытта өсе алмайды. Аталған жағдайда сагитталды жік мерзімінен бұрын жабылған.
Дәрігерлердің басты мақсаты – бас сүйегінің анатомиялық тұрғыдан дұрыс пішінін қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар мидың толыққанды өсіп-дамуына жағдай жасау.
Мамандардың айтуынша, мұндай әрбір операция – анестезиологтар, операциялық мейірбикелер, реаниматологтар және операциядан кейінгі бақылау бөлімінің қызметкерлері секілді тұтас команданың үйлесімді еңбегінің нәтижесі.
Отадан кейін бала бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.