Әлеуметтік желіде Ләйлә Сұлтанқызы аскеза ұстау арқылы өмірінде оң өзгерістер болғанын айтып, көпшілікті өз-өзін жеңуге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, бұл тәсіл ерік-жігері әлсіз адамдарға өздерін тәрбиелеуге жақсы көмектеседі.
«Мен біраз уақыттан бері тәтті жемеймін, кола ішпеймін, көп жүрем, жаман ойды жақсыға айналдырамын, бір уақытта ұйықтаймын. Мұның бәрін жай ғана салауатты өмір салты үшін емес, арманға негіздеп қойдым: 10 күн, 2 апта не 1 ай. Өзіммен келісімшартқа отырғандай болдым. Миға бір ой жібердім: бұзсам, ниетім орындалмайды деген. Сол стоп сияқты жұмыс істейді», — деп жазды ол.
Сұлтанқызы мұндай әдістің нәтижесі көп күттірмегенін де атап өтті.
«Салмақ кетті, бет тазарды, ұйқым дұрысталды. Ең бастысы, өзіме сенім пайда болды. Байқап көріңіздер. Ал сізде қандай аскеза болды? Айтпақшы, темекі тартатын бір таныс жігіт те осылайша жаман әдетінен арылды», — деді ол.
Сонымен қатар желі қолданушылары журналистің ажарлана түскенін әрі ғашық болып қалғанын жазып жатыр.