Блогердің жазбасынан кейін қалалық ауруханада тексеріс басталды

Бүгін, 19:31 / Нұрлан Әлинұр
Gov.kz

Рудныйда блогердің жазбасынан кейін қалалық ауруханада тексеріс басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, блогер Татьяна Турлай жариялаған фактілер назарға алынып, Рудный қалалық көпбейінді ауруханасына жоспардан тыс тексеріс жіберілді.

"Медициналық ұйымның қызметіне аудит жүргізіп, дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі тексеріледі. Аталған жағдай ведомство басшылығының жеке бақылауында",-делінген ресми хабарламада.

Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шаралар қолға алынады.

Айта кетері, бұған дейін блогер Татьяна Турлай анасы ауруханаға түскеннен кейін қажетті медициналық препараттардың тапшылығын байқаған. Бұл туралы министрлікке арнаған үндеуінде айтты.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта аурухана медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді деп отыр.