Жаңалықтар

Республика бойынша 21 елді мекен тасқын судың зардабын тартып отыр

ашық дереккөзі

Республика бойынша 21 елді мекен тасқын судың зардабын тартып отыр

Еліміздің 5 облысын әбігерге салған тасқын судың беті қайта бастады. Қазіргі уақытта 2142 үй судан тазартылып, 10 017 адам өз мекендеріне оралға. Алайда 276 үй әлі су астында қалып отыр. Тиісінше 1623 адам көмек көрсету бекеттерінде жүр.  Республика бойынша 21 елді мекен тасқын судан зардап шегуде. «Бүгінгі күні тағы 31 елді мекенді су басу қаупі бар», – дейді Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары.  Ақмола облысында назарға алынған аймақтарда тасқынның алдын алу жұмыстары жүруде.

Целиноград ауданындағы Нұра өзенінің бойымен бөгендер салу, құм төсеу, су сору жұмыстары атқарылып жатар. Осы аймақтағы 500 шақырымдық жол қалпына келтірілді. Ал Қарағанды облысында тасқынның беті қайта бастаған. Қазір суы қайтқан ауылдарда тазалау жұмыстары жалғасуда. Тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін апатты аймаққа тікұшақ жіберілген.  Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 17 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.  Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы Сілеті өзенінің арнасында бөгеу жұмыстары жүріп жатыр.   Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖ комитеті хабар беру және халықты оқыту бөлімінің бастығы: «Соңғы деректерге сәйкес, 22 028 метр уақытша бөген тұрғызылды. 3211 метр бөгет қалпына келтірілді. 92 512 қапқа құм салынып төселді. 289 759 м3 су сорылды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 6308 адам, 1691 бірлік техника және 112 су соратын құрылғы, 107 жүзу құралы қатыстырылған. Қазіргі таңда осындай жұмыстар жалғасуда»,- дейді.