"Жеңісімді Қазақстанға арнаймын" – Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров

Бүгін, 04:45 / Дана Ізтілеуова
Сали Сабиров, Olympic.kz

Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына тарихи жүлдені салған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңісін Қазақстан халқына арнайтынын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Шынымды айтсам, мен бұған сене алмай тұрмын. Себебі бүкіл маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Маусым мен үшін  ауыр өтті. Жарыстарда бес төрттік секіруді орындауға үш рет тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті орындамадым. Десе де бүгін бәрі сәтімен келіп, қолымнан келгеннің бәрін істедім.

Мен бұл Олимпиада ойындарына шамамен бес жыл бойы дайындалдым. Бүкіл маусым бойы Олимпиадада өз жұмысымды мінсіз атқаруды ғана ойладым және бүгін соған қол жеткіздім.

Бұл жеңісті, осы медальді бүкіл Қазақстанға арнаймын!" — Михаил Шайдоров.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров қысқы спорт түрлерінен араға 32 жыл салып, Қазақстан қоржынына екінші Олимпиада алтынын салды.

Оған дейін шаңғышы Владимир Смирнов – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі  жалғыз қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы болатын.

Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алған-тын.

Тэгтер:

Олимпиада чемпионы мәнерлеп сырғанау Михаил Шайдоров