Қостанайда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Қостанай облыстық коалициясы құрылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға өңірдегі саяси партиялардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақ ұйымдары мен сарапшылар қатысты. Өңірлік коалиция құрамына бес саяси партияның өкілдері енді: «AMANAT» партиясы, «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica» партиясы және Қазақстан Халық партиясы. Сонымен қатар коалиция жұмысына депутаттар мен азаматтық сектор өкілдері қатысуда.
Жиында өңірлік коалицияның алдағы жұмыс жоспары, ұйымдастырушылық құрылымы және түсіндіру жұмыстарының негізгі бағыттары талқыланды. Оның негізгі мақсаты – қоғамды жан-жақты ақпараттандыру және талқылау үдерісін жүйелі ұйымдастыру.
Жиын барысында Қостанай облыстық коалиця мүшесі Кенжеш Аманова да өз ойын бөлісті.
«Жаңа Конституция жобасы – халықты біріктіруге, ұлттық рухты көтеруге және қоғамды ортақ мақсаттарға жұмылдыруға қабілетті тарихи құжат. Ол саяси реформалардың нәтижесін құқықтық тұрғыдан бекітіп, адам құқығы мен адами капиталды мемлекет дамуының басты құндылығы ретінде айқындап беріп отыр.Сондықтан бұл құжатты елдің тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқаты мен рухани жаңғыруына бағытталған жаңа қоғамдық келісім ретінде бағалауға толық негіз бар» – деді Кенжеш Аманова
Отырыста сондай-ақ Негізгі заң жобасының қоғаммен кең ауқымды және ашық талқылау аясында әзірленгені атап өтілді. Конституциялық комиссияның жұмысы жария форматта жүргізіліп, азаматтармен тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілген. Құжатты дайындау барысында азаматтардан, сарапшылардан және кәсіби қауымдастық өкілдерінен түскен мыңдаған ұсыныс қаралып, мазмұнын жетілдіру кезінде ескерілгені айтылды.
«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыстық коалиция жетекшісі Алмат Досмұхамедов алға қойылған міндеттерді айқындады:
«Бүгін біз еліміздің дамуына тікелей ықпал ететін маңызды кезеңде бас қосып отырмыз. Жалпыұлттық коалиция – қоғам сұранысынан туындаған бастама. Оның мақсаты – елдің одан әрі дамуына негіз болатын құқықтық тетіктерді нығайту.Қостанай облысы бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға кірісті. Алдағы уақытта еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылады, соның ішінде шалғай елді мекендерге де шығу жоспарланған. Басты мақсат – ашық диалогты қамтамасыз ету және әр азаматтың пікірін ескеру», – деді ол.
Алдағы уақытта коалиция мүшелері өңірде белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастайды.