15 жастағы жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр

Бүгін, 16:42 / Інжу Әлихан
Скриншот

Алматыда 15 жастағы жасөспірімді жаяу жүргіншілер өткелінде қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші іздестіріліп жатыр. Оқиға 12 ақпанда сағат 11:00 шамасында Сейфуллин даңғылы мен Райымбек даңғылының қиылысында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, Максим колледжден қайтып келе жатып, жолды «зебра» арқылы кесіп өтпек болған сәтте оны көгілдір түсті көлік қағып кеткен.

«Көліктен бір ер адам түсіп, “Не болды?” деп сұрады. Ұлым қолының ауыратынын айтты. Жүргізуші оған қар беріп, “Басып тұр, ауырмайды” деді. Сосын құшақтап, “Сабыр сақта, бәрі жақсы болады” деп, көлігіне отырып кетіп қалды. Максим ауруханаға бақылауға жатқызылды. Дәрігерлер бас-ми жарақатын, ми шайқалуын, санның соғылуын және созылуын, сондай-ақ қолдарының соғылғанын анықтады», — деді жасөспірімнің анасы Юлия.

Оның айтуынша, жасөспірім үйіне өзі жеткен, алайда бірнеше минуттан кейін жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем мен полиция шақырылған. Бала қалалық балалар ауруханасына жатқызылды.

Қалалық Полиция департаменті оқиға фактісін растады.

«Әзірге тұлғасы анықталмаған жүргізуші Райымбек даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы орнынан жасырынған. Қазіргі уақытта оны іздестірумен әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері айналысып жатыр», — деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Жасөспірімнің ата-анасы жол-көлік оқиғасы болған аумақта бейнебақылау камералары бар екеніне қарамастан, көліктің әлі анықталмағанына таңданыс білдірді. Олардың айтуынша, кінәлі тұлғаны тезірек табу үшін оқиғаға қоғамдық назар аудартуға ниетті.

Полиция оқиға куәгерлерінен 102 нөміріне хабарласып, қолда бар ақпаратты жеткізуді сұрайды.