Францияда атақты Лувр мен Версаль сарайы билеттеріне қатысты ауқымды алаяқтық желі жойылды. Париж прокуратурасының мәліметінше, полиция 10 ақпанда бірнеше күдіктіні ұстаған. Олардың арасында музей қызметкерлері мен турист гидтері бар, деп хабарлайды turkystan.kz leparisien.fr-ға сілтеме жасап.
Тергеу дерегіне сүйенсек, бірнеше гид жылдар бойы туристерді бір ғана билетпен кіргізіп отырған. Схема былай жұмыс істеген: бірнеше билет сатып алып, бір топты кіргізеді, кейін сол билеттерді қайта пайдаланып, келесі топты өткізеді. Осылайша күніне ондаған топты қабылдап, қаражатты қалтасына басып отырған.
Алдын ала есеп бойынша, тек Луврдың өзіне келтірілген шығын 10 миллион еуродан асуы мүмкін.
Іс жалған билеттерді сату және экскурсияларды артық брондау фактілері бойынша қозғалған. Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны елдің ең ірі мәдени мекемелерінің бірі үшін кезекті соққы деп бағалап отыр.
Тергеу жалғасуда, нақты шығын көлемі мен барлық қатысушылардың рөлі сот процесі барысында анықталады.