Көне керуеннің күміс күймесі

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan IPW
Суретте: домбыра ұстаған Алмас Алматов

18 мың ғаламға өң берген, жансызға жан берген, тұрықсызға тән берген, сұрықсызға рең берген Жасаған иенің қай құбылысы да таңдануға, тәнті болуға, тәжім қылуға тұражақ. Ол ұйғарса, «қырықтың бірін – Қыдыр, мыңның бірін уәли» қылған. Ол сайғарса, инсанның ғана емес, жердің өзінің пұшпағына, тіпті, аңның да, құстың да, шөптің де өзі қалаған біреуіне кие дарытқан. Ол кие уақыттың қандай алағай-бұлағайында да, бұланай-бұлғағында да жоғалмаған. Санасы сау ұрпақтың сәуесінде жіптік сәулеленіп бағдар нұсқап отырған. Сондай киелі өлкелер Қазақия топырағында да аз емес. Мысалы, Алтай десең, алтын жалды ат мінген ғұн-сақ, түркі қағандары дулығасы жарқылдап, дұдығасы қаңқылдап көз алдыңа келе қалар! Жетісу десең, алтын киімді қағандар арқасын алмалы Алатауға сүйеп алшайып тақта отырар! Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралы десең, сән-санат думан, ән-қанат дәурен, салтанат құрған күрендер; Еділ-Жайық десең, соңынан қақақулы аламан көшкен сәкәкүлді ағаман кешкен сүрендер елестер! Маңғыстау десең, ақар-шақар шыңдардың қуысында зыңыранған жерасты мешіттеріндегі пірлер жаққан шырақ-оттар, шаһар-шаһар құмдардың уысында ыңыранған биіктерде ерлер тұтатқан ұран-оттар бағзыдағы әруағыңды оятар, алдыдағы арманыңды тірілтер!..

Осындай өлкенің бірі – қасиетті сарыны көшпеген, өсиетті тәлімі өшпеген, «әруақ тү­неп, нар шөккен» «алаштың анасы» атан­ған дария Сыр, қария Сыр ғой, шіркін! Бірде, Сыр­дария хақында Оралхан ағамша «қара сөз­бен жырлап» отырып былай дегенім бар: 

«Бұл – «мәңгілік өмір жоқшысы» дәдам Қор­қыттың абыз-зар үнін бұзбай толғаған, қо­быз сарынын үзбей жалғаған Сыр елі ғой! 
Бұл – ақ пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мү­бә­рак тіліне ілінген төрт дарияның бірі – Сей­хун, яки Сойқандария ғой! 
Бұл – «мәңгілік махаббат жоқшысы» әу­­­лиелер сұлтаны Қожа Ахмет Ясауидің (р.ғ) «Мәс­лихаттөбенің» басында 99 мың мүри­ті­нің аузымен ұрпағына, яки бізге бағыштап, Ал­ла Тағаланың асрар-асыл Сырларын айт­қан­нан соң «Сырдария» атанып кеткен – қа­зақ даласының күретамыры, қазақ бала­сы­ның жүректамыры ғой!
Бұл – Әзірет сұлтанның (р.ғ.) өзі: «Бабам Қора­с­ан, келдім арасан! – Зиярат етіп саған жы­ласам, – Мүшкіл ісімді қылғансың асан...» деп, жаяулап келіп тәу еткен Қорасан баба (р.ғ) мен кереметімен Қағбаны орнынан қоз­ғаған Қорасанұлы Үсейін бабаның, Шәм­ші Қылауыз ата, Оқшы ата, Бақсайыс ата, Қы­­­лышты қожа, Төлегетай бабалардың; Жи­делібайсын жорығында осы жерге жел­маясын шөгерген «Мәңгілік Қоныс жоқ­шы­сы» Асан Қайғының; Қазақияның Үш Ор­да­сы­на тұтас пірлік еткен Мүсірәлі пір мен Қо­сым қожаның; Ер Сейтпембет, Мағзаман, Сайыпназар пірлердің; Жәрімбет, Құлболды, Марал, Қалқай, Маймақ, Айтбай, Оразай, Ахмет ишандардың; кешегі қызыл империяға қарсы ғазауат жариялап, әһілі шейіттік кешкен Ақмырза дамолла ишан, Маймақұлы Әбдіуәли мақсымдардың; Қалжан, Алдашбай, Тапал (Нұрмұхаммед), Мақаш ахундардың; жүз сүлейдің бесігін Қызырға тербеткен, есі­гін адамға кернеткен, төрін Кәламға перне ет­кен, төбесін Ғаламға мөрлеткен қастерлі қо­ныс қой! 
Бұл – «азырақ бізде жүр Сыздық – жолбарыстай еңіреніп – қанаға сый­май тасумен! – Есірік туған бұл жүректі – екі қол­дап басумен!» деп жорық жырауы Балқы Базар толғағандай, небір еңіренген ерлердің, күңіренген пірлердің бақты аймағы, құтты майданы ғой! 

Сырдария – Қорқыттың қобыз сары­ны – күні кешегі әз Нышан бақсы Шә­мен­ұлына шейін; аңыз дәрібі – Хорасан ба­бадан Мүсірәлі софы әзізге, одан Ақмырза да­молла ишанға шейін; абыз тәлімі – бүгінгі Сә­би Аңсатқа шейін; оғыз сарыны – қазіргі Ал­мас Алматқа шейін үзілмеген тылсым өл­ке, күрсін мекен. Сырдария – алаштың өз ди­дарын көрер айнасы. Алаш ұлы не дулы­ға­сы шалқайып масаттанғанда, не еңсесі ке­тіп шаршап-талғанда осы айнаға үңіл­ген...».

Шынында, қазіргі алмағайыпта алаш ба­ласы, қазақ ұлының «еріксіз шауып бұлан­ған еңсесі кеткен жүйріктей» (Аралбай) болып тұрғаны жасырын емес қой. Мөңке әулие айтқан «дүдәмәл дін, алашұбар тіл» ти­­­тықтатқан, санасы сарсаңға түскен ұлт­тың тарихи санасы сырқау, тарихи жады мылқау бір хәл. Міне, осынау ғазалсыз жыр, мү­жәлсіз күн кешкен жадау иін, жүдеу күйім­де күн салып шолған, зер салып қара­ған, зар шалып барлаған қонысым да Сыр бойы екенін кімнен жасырайын?! Сыр бойы де­сем, «тегінің қамыс екенін айтып» (Мәу­лә­на) сыңсыған сыбызғы-мұң, «үйеңкінің тү­бінен үйіріп, қарағайдың түбінен қайырып алған қаралы қобыздың» шанағындағы шер-сарын, «асылы – емен, қарағай, – Шыққан жері су ағаш. – Әруақты ерлердің қолындағы ту ағаш» (Қашаған) болған домбыраның көмейіндегі бабау-сарын, бебеу-үн өрден аққан дарияның көбесіндей сөгіліп, шерге батқан қарияның кеудесіндей төгіліп жүре беретіні маған анық, басқаға танық емес шығар?.. Шыны солай, патшалық Ресейдің, одан кейінгі советтік империяның барлық қитұрқы эксперименттерін бастан кешсе де өзенін суалтпаған, өзегін қуартпаған, діл-тұмарын, тіл-құнарын жоғалтпаған ел осы Сыр бойын жайлаған – мұңдақ кірттегі құндақ-жұрт екенін кім-кім де мойындаса керек. Ұлдың жеңі желпі, қыздың етегі елпі болып жаһандану атты құрдымға қойып кеткенде, қастерлі Сырдың жағасында дәс­түрлі жыр қалып еді бабадан қалған аманат туын жықпай. Ұсыл-тамырын Әзірет сұл­тан­нан, асыл сарынын Сыпырадан тартқан: Ны­санбай Жаманқұлұлы, Базар Оңдасұлы, Жиен­бай Дүзбенбетұлы, Ешнияз Жөнел­дік­ұлы, Төремұрат Ешпембетұлы, Әзілкеш (Әзір­бай) Шымырұлы, Ерімбет Көлдей­бек­ұлы, Бұдабай Қабылұлы, Омар Шораяқұлы, Тас­берген Құламанұлы, Кете Жүсіп Еш­нияз­ұлы, Қаңлы Жүсіп Қадырбергенұлдарынан Тұр­мағамбет Ізтілеуұлына дейін жалғасқан сү­лейлер керуенін тамырыңды тонауға, же­місіңді отауға келген дию империяның өзі тоқ­тата алмаған. Шығыстық жарықтан ай­рыл­май, қазақы қалыптан айнымай кеткен сүлейлер ізін суытпай бүгінге жеткізген Нар­тай, Мұзарап, Сабыттарға келер ұрпақ қан­дай алғыс арнаса да, қандай дұға жолдаса да жарасар! Ұлттық рухты барынша тұншық­тыр­ған «Тоқырау дәуірінің» өзінде сүлейлер сары­нын, жыраулар дәрібін өзге бір өрге шы­ғарып, бетбағы заман, «тәкаппар дү­ние­нің» (Қасым) жүзін қазақ дидарына қарата бере мерт болған Көшеней Рүстембекұлының даң­қы Ұлт санасында «жарқ етіп көздің ұшы­нан жоқ болып кеткен кешкі өрттей» (Тө­леген) әсерімен қалды. Міне, осы бір, тау­ларымыз шөгіп, төбелеріміз төлежіп бас­та­ған тұста көкжиектен сәруар сабат сыры­мен, қыруар қабат үнімен Мағзаман пірдің зәуза­ты Алмас Алмат көрініп еді! «Көк Еділдің са­ға­сының үзіле қоюы, көк сауыттың жаға­сы­ның жыртыла қоюы» мүмкін емес-тін. Әйт­песе, Алла Тағаланың мөрлеп жаратқан жұр­ты, ібіліс-лағинның мерлеп атқан ұлты біз болмас едік!..

Өз басым Алмас жырауды әп деп сахнаға шыққаннан бастап білем десем, артық бол­мас. Өйткені арамыз алты-ақ жас-тын және оның айғарақ жыры мен айбарақ үні жырау-сарын ғана емес, «бастыны игізген, тізеліні бүк­кізген» дырау-сарын болатын! Оның то­ғыз толғақты, тоқсан тармақты мақам­да­рын­да Сыр бойын жайлаған ықылымдағы қа­ға­наттарымыз – сақтардың саранау сазда­ры, селжұқтардың зымыран зарлары, оғыз түр­­кілерінің құмыран зерлері, қыпшақ түр­кілерінің қымыран-шиғырлары айқұшақ қауып жатыр еді! Сондықтан да оның үніне алты материк құлағын құмыға тосты десем, «қы­здырманың қызыл тіліне» балай қой­мас­сың. Төмендегі дәйектерді үстірт шолып шық­саң да, менің үшбу бағама қосылмауға әд­дің қалмас, сірә. Ендеше, назар салыңыз. 
Бағзы жыраулық дәстүрді негіздеу һәм на­с­ихаттау, ғылыми дәлелдеу және бұл адам­заттық асыл қазынаны бүгінгі, ертеңгі ұрпақ­тың жадына таңбалау жолында Алмас жырау Нұрмаханұлы жанкешті еңбек етті. Үстем Еуропаның, астам Американың сыншыл жұр­ты мен Шығыстың сыршыл ғұрпының алдында, дегдар ғалымдарының құрмасында қазақы жырдың қасиетін паш етіп бақты. Франция, Италия, Швейцарияда өткен (Париж, Женева, Милан, Флоренция) – «Фольклорлық музыкалық турнеде» (1985ж.) өнер көрсеткені; сол жылы Мәскеуде Бүкіл­дүниежүзілік жастар мен студенттер фес­тива­лінің лауреаты атанып, іле Монғо­лияда өт­кен «Азия халықтарының музыкалық сим­позиумында» жыр толғағаны; сол кездегі Ленин комсомолы сыйлығын иеленуі; 1993 жылы Францияның бас қаласы Париждің Chatelet театрында өзінің жеке концертін өткізгені; Голландияның Амстердам қала­сын­да өткен Музыкалық фестивалінде жыр­лауы; 1995 жылы тағы да Париждегі Cité de la musiqueгі (музыка қалашығы) концертте, ізін­ше Англия астанасы Лондонның Elizabeth Холл сарайында жеке концерт беруі; 1996 жылы Американың Висконсин, Меди­сон университетінде «Қазақ музыка фольк­лоры», «Жыраулық дәстүр» тақырыптарында лек­ция-концерт өткізуі; Алматыда өткен дүниежүзі халықтарының эпостық жырлары мәселелері бойынша «Еуразия елдерінің эпос­тары мен музыкасы» атты V Лорд кон­фе­ренциясына қатысып баяндама жасауы; Британия елшілігінде Уэльс ханзадасы Чарльз Фи­липп Артур Джордждың қа­был­дауында болуы; Египеттің Каир, Александрия т.б. қалаларында (2001 ж.) Қазақстан Респуб­ли­касының 10 жылдығына орай өткізілген мәдениет күндеріне қатысуы; 2003 жылы Аме­риканың Нью-Йорк, Вашингтон, Вис­консин қалаларында жеке концерт бе­ріп, Смитсонион университетінде лекция-концерт беруі; 2007 жылы Амстердам, Бел­гияның Брюссель қалаларында «Орта Азия халықтарының музыкалық фестивальдеріне» қа­тысып, қазақтың жыршылық, жыраулық өнерінің әлемдік сахнаға шығуына жол салуы; Түркияның Болу қаласында, Кипрде өткен конференцияларда (2018 ж.) баяндама жасап, шеберлік сабақтарын жүргізуі; 2019 жы­лы Улан-Баторда өткен «Әлем эпосы және Жан­ғыр» халықаралық конференциясында баяндама оқып, өзінің «Шыңғыснама.     А.Алма­тов, (І том, 15.000 жол) кітабын және Сыр бойы жырауларының орындауындағы «Шың­ғыснама» СD антологиялық күйта­ба­ғын (25 сағат, «Сарыарқа» баспасы, Астана. 2016) Монғолияның «Жанғыр» жырын зерт­теу орталығына ұлы жіңгір жиын үстінде сал­танатты жағдайда табыстауы; 2023 жылы Мы­сырдың Каир қаласында «Бейбарыс сұл­тан­ның 800 жылдық» мерекесіне арналған Қа­зақстанның мәдени күндерін арнау жыр­мен ашуы; 2024 жылы Түркияның Анкара қа­ласындағы Muzik ve sanatlar универси­те­тін­дегі ғылыми конференцияда баяндама жа­сауы; т.б. ұлан-ғайыр еңбектері екінің бірі­нің пешенесіне жазылған ғажап пен азап емес-тін. Шетелдік басылымдарда ғылыми конференция, симпозиумдарда жасаған баян­дамалары мен шеберлік сабақтары ар­найы мамандар тарапынан лайықты баға­лан­ғанын, сертификаттармен куәландыры­лып отырғанын да айта кеткенді жөн сана­дым. Мұның үстіне, жыраудың ғылыми із­де­ністері, ұстаздық жолындағы мігірсіз мех­на­ты мен тынымсыз бейнетін қоссаңыз, пір ба­ласының еңсесіне шөккен – өткен қанша ғасырдың батпан жүгі, келер неше заманның зіл­ман салмағы жатқанын бағамдай беріңіз! 

Оның дәстүрлі жыр өнерін ғасырлар кө­шіне ілестіріп, әуелі қазақи, қала берді, адам­заттық құндылықтар легіне қосу жо­лын­дағы сертті сапарын асығыстау шолып өтейік: Алмас Алмат – 1987-1988 жылдары Құр­манғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі бо­лып қабылданды; 1988-1990 жылдары Құр­манғазы атындағы Алматы мемлекеттік кон­серваториясының «Халық әні» ка­федра­сын ұйымдастырушылардың бірі және ал­ғаш­қы меңгерушісі болып сайланды; 1990-2011 ж.ж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінде «Дәстүрлі му­зы­­калық өнер» кафедрасын ұйымдастырушы жә­не алғашқы меңгерушісі болып қызмет ат­қарды; 2011 жылы Қазақ Ұлттық Өнер уни­верситеті Қорқыт Ата атындағы өнер­тану ғылыми зерттеу институтының дирек­торы болды; 2012 жылдан бері Қазақ ұлттық Өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафед­ра­сының профессоры болып жұмыс ат­қара­ды.
А.Алматтың жетекші авторлығымен «Дәс­түрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша не­гізгі жоғары білім беру мемлекеттік стан­дарты, оқу жоспары, толық оқу әдістемелік ке­шені жасалды. Ол Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Білім, мәдениет, денсаулық, спорт ми­нистрлігінің 08.05.1998 жылғы №115 бұй­рығымен бекітіліп, жоғарғы оқу орнын­дағы арнаулы мамандық есебінде клас­си­фи­ка­торға енгізілді. Міне, мұның бәрі – жырау, ұс­таз, ғалымның ғұмыр жолында атқарған жұ­мыстарының бір парасы. Осыларға тел­ғабыс ұстаз аманатын арқалаған қаншама шә­кірт тәрбиелеп шығарды. Әрине, біз осы­нау аз әңгімеде барлық қырына, қоғамдық қай­раткерлік істеріне түбіжіктеп тоқтал­ма­дық. Осынау желкенді жасқа жеткен ша­ғын­да бізден де басқа қалам тербеп, ой 
толғап жат­қандар жеткілікті шығар деп ойладық...
Бұрын әртүрлі құрал-құрмаларда кез­де­сіп қалып жүрсек те, Алмас жырау­ды жүзбе-жүз жете танығаныма 30 жылдың жү­зі болыпты. 1996 жылдың жазы еді. Ал­ма­ты­да Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы дү­бірлеп өтіп жатқан шақ. Сол мерекеге орай­ластырылып өткізілген дүниежүзі ха­лықтарының эпостық жырлары мәселелері бойын­ша «Еуразия елдерінің эпостары мен музыкасы» атты фольклортанушы Лорд Альберт Бейтс атындағы V конференциясына қатыстық. Алмас аға Сыр бойы жыршыларын бас­тап келді. Біз інім Елдос Еміл екеуміз Маң­ғыстау жыршылық мектебінің он өкілін: тү­рікменстандық Рейім Құрмантайұлы, қа­ра­қалпақстандық Базарбай Сармағанбетұлы, өз­бекстандық Ақсұлтан Қойшыбайұлын, маң­ғыстаулықтар: Ізбасар Шыртанов, Жет­кіз­ген Сейітов, Амандық Көмеков, Мақсат Ая­пов, Құлбек Дүйсекеновтерді апардық. Қа­биболла Сыдиықұлы ағамыз Бас баяндама жа­саған. Сөйтіп, Сыр бойы жыр мектебіне сыңар боларлық Маңғыстау жыр мектебі бар­лығын дәлелдеп, дүние назарын бір ауда­рып, марқайған шақ еді ол... Сол сапарда Сыр сүлейі Алмас қожамен құлтасыз араласып, қалт­қысыз сырласып едік. Со бір сырлас күн­дер сыйлас жылдарға ұласып, жер бетін­дегі сапарымызды жалғап келеміз... 

Осынау жылдар ішінде Алмас жырау өз шығармашылығын да барынша құнттады. Ата-Ұстаз Тұрмағамбет шайыр әлемге әйгілі мұ­хит-жыр Әбілқасым Фирдоусидің «Шах­намасын» нәзира үлгісімен 40 000 жолдық дас­тан қылып толғаса, Ұрпақ-Шәкірт те Луб­­санданзанның «Алтын шежіресі» мен «Құ­пия шежірені» басшылыққа ала отырып, «Шың­ғыс хан» атты 15 000 жолдық дастан жа­зып шықты. Үшбу туынды Қойшығара Сал­ғарин сынды сарабдалдар тарапынан жо­ғары бағаланды. 
А.Алматтың «Қазына» атты дастан-кіта­бы әл-әзір қолымызға тие қойған жоқ. Бірақ та­ғы бір Сыр бойынан шыққан сүлей шайыр Иран-Ғайып Алмас жырау айтып берген  Шөмен руының арасында XIX ғасырда өткен таң­ғажайып хикая бойынша тамаша дра­ма­лық дастан жазды. Дастанның финалында ав­тор кейіпкері Алмас жыраудың аузына мы­н­адай сөз салады:
Жасымнан жыр маржанын терген едім,
Соңына Алмат шалдың ерген едім...
Қимайтын тірі жанға «Қазынаны»
Табыстап – Жиенге айтып берген едім... 

Мұндағы «Жиен» автордың, яки Иран-Ғайып­тың өзі. Бұл драма еліміздің театр­ла­рын­да табыспен сахналанғанын білеміз. Алай­да Алмас жырау осынау жанға қимас «Қа­зынасын» өз аузымен де жырлауды ұй­ғар­са керек. Біздің де алақанымызды жанып, сол жыр-хикаяттың тезірек қолымызға ти­генін күтіп отырған жайымыз бар...
Алмас жыраудың тағы бір ұшан-теңіз қа­зынасы – ел аузындағы қоңыр әңгімелерді кө­кірегіне қаттап қалғаны. Сыр бойы, Қар­мақшы өңірінде өткен небір дырау-дүр, жы­рау-ділдердің шешен тіл, шебер өрім, шен­сіз қисынды хикаялары осынау – есі-дер­ті виртуалды әлемнің әлегімен әуре, ақыл-ойы ЖИ-ге телінген кермаңдай ұрпақ­тың санасын сауықтыруға таптырмас құрал болар еді. Әттең, «бір кем дүние» ырық берер емес әзірге... 

Осынау ұшы-қиырсыз мұрапаны құшақ кеу­десінде қаттаған, ғасырлар сарынын құ­мыр-жүрегінде сақтаған ерен тұлға, берен жы­раудың жетіп-піскен 70 жасында үндемей қалуды өзіме мін көрдім. Ығылман атам айт­қандай: «Ел қамын жеген ерлердің сөз біл­ген жанда хақы бар» емес пе?! Бұл аз ғана діл-қош лебізде оның баба жол – күллі кие­лі тамырына бойлап бармадым, оған үңілсем, тым шүңейтке тартар; сара жол – барлық иелі тағдырына салмақ салмадым, оған жү­гін­сем, «ат шапқан жиын тарқар...» Аманат-жан кеудеде тұрса, талай лебіз бағыштар тұс келер!..
Сөзімнің тынғысында, дүние тұрғанша тұр, көне керуеннен қалған күміс күймедей, көне жейдеде қалған алтын түймедей, Алмас жырау, дегім келді! 

Светқали НҰРЖАН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Тэгтер:

күміс керуен Алмас Алмат күйме