Теңге неге нығайды?

13 ақпан, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Осы айда теңге бірнеше күн қатарынан нығайды. Бейсенбі күні теңгеге шаққандағы доллар құны 490 теңгеге дейін түсті. Бұған не әсер етті? Қандай болжамдар бар?

Қазақстан қаржыгерлері қауым­­­­дастығы теңгенің нығаюын, ең ал­дымен, бір реттік валюта кон­вер­та­цияларымен байланыстырады. Са­лық кезеңі қарсаңында ком­па­ния­лар шетел валютасын теңгеге ал­дын ала айырбастаған. Сауда кө­лемінің өсуі бұл болжамды рас­тайды: бір күндегі айналым 430 млн долларға жетіп, 65,5 млн дол­лар­ға өскен. Ақпанның аяғында рен­та салығы, жер қойнауын пай­да­ланушылардың қосымша төлем­дері, корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салы­ғы және қосылған құн салығы се­кіл­ді көптеген салық төленеді. Мұн­дай кезеңде теңгеге сұраныс уа­қытша артады.
– Мұны, атап айтқанда, сауда кө­лемінің млн долларға дейін ұл­ғаюынан байқауға болады. Айта ке­тейік, ақпан айында 2025 жыл­дың төртінші тоқсаны үшін бір­қа­тар маңызды салық төленеді, – деп мәлімдеді қауымдастық.
Екінші фактор – экспорт­тау­шы­лардың валютадағы түсімін сатуы. Компаниялар шығындарын жа­бу үшін нарыққа доллар ұсынып отыр. 
Үшінші фактор – мемлекеттік ба­ғалы қағаздарға шетел капи­та­лы­ның келуі. Қаңтарда резидент емес­тердің МБҚ-ға салған инвес­ти­циясы 171 млрд теңгеге өсіп, 2,1 тр­лн теңгеге жетті. Нарықтағы үле­сі 6,2%-дан 6,7%-ға дейін ұлғай­ған. 
Ал Freedom Broker сарап­шы­лары салық кезеңі әлі толық бас­тал­­мағанын алға тартып, алдағы күн­дері доллар бағамы 490 теңге­ден де түсуі мүмкін екенін айтады. Алайда негізгі дәліз 490-500 теңге аралығында болуы ықтимал. 
Дегенмен ұзақ мерзімге жа­сал­ған болжамдар бұл үрдіс ұзаққа со­зылмайтынын меңзейді. Қаңтар ортасындағы ҚҚҚ сауалнамасында ақ­панда бағам 516,5 теңге дең­гейін­де болатыны айтылған, ал жыл­дық болжам – 549,1 теңге. Halyk Finance 2026 жылдың соңы­на қарай теңге 580-590 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін деген сцена­рий­ді қарастырады. 

Салтанат Игенбекова,
Halyk Finance сарапшысы:

– Қаңтарда Ұлттық Банктің биржада 1 039 млн долларға валюта сатты. Жел­тоқ­санда бұл көрсеткіш 1 329 млн дол­лар болған еді. Оның ішінде Ұлттық қор­дан 350 млн доллар сатылды, бұл 350-450 млн доллар көлеміндегі жоспар аясында және республикалық бюджетке трансферт бөлуге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, Ұлттық қордан сатыл­ған валюта көлемі соңғы бір жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Дегенмен оның сау­дадағы үлесі өткен айдағы 5,1 пайыздан 6 пайыз­ға дейін артты. Ұлттық Банк ішкі нарықта алтын са­­тып алу саясатын жалғастырды. Бұл – эконо­ми­ка­дағы артық теңге өтімділігін «залалсыздандыру» құра­лы. Қаңтарда 350 млрд теңгеге (орташа айлық бағам 507,64-пен есептегенде, 689 млн доллар) ал­тын сатып алынды. Бұл желтоқсандағы 475 млрд тең­геден (929 млн доллар) едәуір аз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліне шетел валютасы сатып алынған жоқ. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мін­дет­тел­ген валютадағы түсімнің 50 пайызын сату нор­масы ая­сында 206 млн доллар өткізілді (жел­тоқ­санда – 315 млн доллар). Валюта интервенциялары жүргізіл­ген жоқ. Қаңтарда мемлекеттік бағалы қағаздардағы бейрезиденттер портфелі 176 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл желтоқсандағы 131 млрд теңгеден көп. Осы­лай­ша, қаңтарда Ұлттық Банк пен квазимемлекеттік сек­тор тарапынан валюта ұсынысының жиынтық кө­лемі қысқарды. Теңгеге қолдау көрсеткен фак­торлар – бейрезиденттер капиталының ағыны, экс­порттаушылардың валюталық сатылымдары жә­не АҚШ доллары индексінің әлсіреуі.
Ақпанда Ұлттық қордан 350-450 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланған. 2026 жылы Ұлт­тық қордан бөлінетін транс­ферт­тер көлемі 2,77 трлн теңгеге дейін қысқарады (2025 жылы – 5,25 трлн теңге). Соның нәтиже­сін­де ай сайынғы валюта сатылымы 2025 жылғы орташа 686 млн дол­лар­дан 2026 жылы шамамен 370-387 млн долларға дейін азаюы мүм­кін. Бұл валюта ұсынысын тө­мен­детіп, теңгеге қысым түсіру ық­тимал. Ақпанда алтын сату ме­ха­низмі шеңберінде 350 млрд теңге шетел валютасын сату көзделіп отыр. Бұл да 2025 жылғы деңгейден төмен. Квазимемлекеттік сектордың валютадағы та­бысының жартысын сату талабы сақталады. БЖЗҚ-ға валюта сатып алу жоспарланбаған. Нәти­жесінде, ақпанда Ұлттық Банктің таза валюта саты­лымы шамамен 1 043 млн доллар болады деп күтіле­ді. Бұл көрсеткішке Ұлттық қордан сатылатын валю­та мен алтын сатудан түскен қаражат кіреді.
Егер ішкі және сыртқы жағдай күрт өзгермесе, сон­дай-ақ бағам динамикасына кері әсер ететін факторлар туындамаса, ақпанда доллар бағамы қаңтардағыдай деңгейде сақталады деген болжам бар. Жалпы алғанда, жыл соңына қарай доллар баға­мы 580-590 теңге аралығында қалыптасуы мүмкін. Алтын сату механизмі аясындағы операциялардың азаюы мен Ұлттық қордан валюта сатудың азаюы Ұлттық Банк тарапынан ұсынысты төмендетеді. Сонымен қатар сыртқы саудадағы теңгерімсіздік те ұлттық валютаға қысым түсіреді. Бұл факторлардың жиынтығы теңге бағамына жыл бойы салмақ салуы ықтимал. Сонымен қатар қатаң ақша-кредит саяса­ты теңгеге белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетеді. 

Осылайша, салық науқаны аяқталып, экспорт азайса, теңге бағамы қайта құбылуы мүмкін. Ұлттық валютаның ұзақ мерзімдегі көрсеткіштері сыртқы нарықтағы ахуалға, мұнай бағасына және ішкі фискалдық тәртіпке тәуелді болып қала береді.
 

Тэгтер:

теңге