Жыл сайын шамамен 100 млн тонна мұнай өндіреміз, бірақ оның тек 18 млн тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан елімізде дизель отыны тапшы. Авиация керосині де шетелден келеді. Мемлекет басшысы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай саласындағы бірқатар мәселеге тоқталып, Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына байланысты байыпты шешім қабылдауы қажет екенін айтты.
– Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз, – деді Президент.
Президент ішкі нарықтағы отынға сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту керек екенін айтты. Сондай-ақ бұл жұмысты жеделдеткен жөн. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осының бәрі жүзеге асса, жыл сайын өңделетін мұнай көлемін 9 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік бар. Яғни, қазіргі 18,4 млн тонна көрсеткіші 27,4 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Дегенмен оны мемлекет қаржысына салу тиімсіз болмақ.
– Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі. Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоспары жоқ жоспар
2024 жылы Энергетика министрлігі елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарда бар екенін мәлімдеген болатын. Жоспар бойынша оның құрылысы 2030 жылдан кейін басталатыны айтылған еді. Ал былтыр мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасы әзірленгені туралы мәлімет шықты. Тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталып та кеткені хабарланды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен компанияларға хабарламалар жіберілген, мұнай өңдеу зауыттарына ай сайын іссапарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізу басталған, сондай-ақ МӨЗ жобаларының жол карталары әзірленген. Сонымен қатар авиаотын өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылған болатын. Дегенмен жарияланған мәліметтер мен жасалған мәлімдемелерге қарамастан, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі әлі де жан-жақты зерделенбеген, жоспарланбағанға ұқсайды.
Оған қоса, жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың небәрі 18 млн тоннасының өңделуі бір жағынан техникалық шектеулерге байланысты болса, екінші жағынан ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнай көлемі де жеткіліксіз болып отыр. Қазір жергілікті кәсіпорындар жыл сайын квота арқылы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тырысып отырғанымен, үш ірі кен орнын қоспағанда, қалған кен орындарының барлығында өндіріс төмендеп келеді. Сондықтан басқа кен орындарына мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура келеді, алайда уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшысы, SPE PRMS стандарты бойынша мұнай және газ қорларын тәуелсіз бағалаушы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, егер үш алпауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жергілікті өндірушілердің шикізаты жетпей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жобадан тыс компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тоннаға дейін қысқармақ. Ал жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесінде де анықталуы керек сұрақ пен шешілуі керек түйін көп.
Абзал Нарымбетов,
сарапшы:
Мәселе баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты
– 100 млн тонна мұнайдың тек 18 млн тоннасының өңделуі бір жағынан техникалық шектеулерге байланысты екені рас. Екінші мәселе – ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнай көлемі аз. Қазір жергілікті кәсіпорындар жыл сайын квота арқылы осы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тырысып отыр. Алайда үш ірі кен орнын қоспағанда, қалған кен орындарының барлығында өндіріс төмендеп келеді. Сондықтан басқа кен орындарына мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура барады. Уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Үш алпауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жергілікті өндірушілердің шикізаты жетпей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жобадан тыс жергілікті компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тоннаға дейін азаймақ. Қазір олар шамамен 30 млн тонна өндіреді. Яғни, 20 жылдың ішінде үш есеге қысқару көзделіп отыр. 2035-2040 жылдары олардың ішкі нарыққа жеткізетін көлемі мұнай өңдеу зауыттарына жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан үш ірі кен орнының рөлі өте маңызды.
Осыдан 10 жыл бұрын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі талқыланып, нәтижесінде үш зауыт жеткілікті, оларды модернизациялау керек деген шешім қабылданды. Бұл мақсатқа 6-7 млрд доллар жұмсалды. Нәтижесінде, өнім сапасы мен көлемі белгілі бір деңгейде артты. Алайда бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жетпеді. Ол кезде үш зауытты жаңғыртсақ жеткілікті болады деген пікір айтылған еді. Бүгінгі жағдай бұл шешімнің толық тиімді болмағанын көрсетіп отыр. Егер сол кезде жаңа, ірі әрі заманауи төртінші зауыт салынғанда, мүмкін қазір бүкіл елді қамтитын қуатты өндіріс іске қосылар ма еді. Үш зауытты жаңғырту сол кезеңде жеңіл жол ретінде таңдалды. Жаңа зауыт салудан гөрі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту оңай болды. Қаржыны игеру де жеңілірек еді. Алайда қазір тұтыну жылдам өсіп жатыр, көлік саны артты. Үш зауыттың қуаты жетпей отыр. Авиациялық отынды сырттан аламыз. Дизель бойынша егін егу маусымында тапшылық туындайды, кейде бензин де жетіспейді. Соның нәтижесінде төртінші зауыт мәселесіне қайта оралып отырмыз.
Қолданыстағы зауыттарды жаңғырту арқылы өңдеу көлемін 27,4 млн тоннаға дейін арттыру жеткілікті ме деген мәселеге келер болсақ, Атырау зауыты ескі, Павлодарда да айтарлықтай кеңейту жоспары жоқ. Негізгі жоспар – Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту. Бірақ басты мәселе – қаржыландыру. Қытай тарапынан қаржыландыру болады деген пікір айтылғанымен, нақты келісім жоқ, жауапкершілік алынғаны туралы ресми мәлімет те жарияланған жоқ. Қазір үш нұсқа бар – Шымкенттегі зауытты кеңейту, төртінші зауыт салу немесе екеуін қатар іске асыру. Бірақ ешқайсысында нақты қаржыландыру көзі бекітілмеген. Қаржы болмаса, бұл жоспарлар сөз күйінде қалады. Егер Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту мәселесі шешілсе, бұл белгілі бір уақытқа жетуі мүмкін. Бірақ мұнайды ол жаққа кім жеткізеді деген сұрақ туындайды. Шымкент – оңтүстікте, ал негізгі кен орындары – батыста. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеп барады. Кейінгі 15 жылда кей өңірлерде төрт есеге азайған. Өсім тек Атырау аймағында. Артық мұнай негізінен сол жақта. Сондықтан логистика мәселесі бар. Мүмкін, жаңа зауытты – батыста, кен орындарына жақын жерде салып, сол жерде өңдеп, дайын өнімді елге тарату тиімдірек болар.
Жаңа мұнай өңдеу зауытын салуда бірнеше қиындық бар. Біріншісі – қаржыландыру. 10 млн тонна қуаты бар жаңа зауыт салуға қомақты инвестиция қажет. Қаржы шешілмейінше, бұл бастама да бұрынғыдай тек талқылау деңгейінде қалады.
Екінші мәселе – шикізат. Үш ірі кен орнынан басқа артық мұнай жоқ. Егер олардан төртінші зауытқа мұнай жеткізу жөнінде нақты міндеттеме болмаса, шикізат жетпеуі мүмкін.
Үшінші мәселе – жобаны кім жүзеге асырады деген сұрақ. Бұған дейін үш зауытты жаңғыртуды мемлекет ұлттық компания арқылы, қарыз қаражаты есебінен қаржыландырды. Төртінші зауыт та солардың мойнына жүктеле ме, әлде жеке инвесторлар тартыла ма, бұл да – беймәлім. Егер жеке инвесторлар болса, олар экономикалық тиімділікті есептейді. Егер мемлекет өз мойнына алса, бұл ұлттық компанияға үлкен жүк болады. Бұған дейін модернизацияға 6-7 млрд доллар жұмсалды, бірақ күткен нәтиже толық орындалмады. Сондықтан жаңа жобаға қыруар қаражат бөлінсе, оны кім бақылайды, сапасына кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Қаржы игеру мәселесі, бақылау мен жауапкершілік тетігі нақты болмаса, жоба тиімсіз болуы мүмкін.
Мемлекет қаржысын салу неге тиімсіз дегенге келсек, Қазақстанда жанармай бағасы реттеледі. Бензин бағасы көрші елдермен салыстырғанда екі есе төмен. Егер зауыт нарық бағасымен сатпаса, инвестиция өзін ақтамайды. Технология шетелден доллармен алынады, ал өнім теңгемен, реттелген бағамен сатылады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жеке инвестор да, мемлекеттің өзі де құлшыныс танытпауы ықтимал. Егер нарық толық ашық болса, шекаралар ашылып, баға еркін қалыптасса, онда отынды сырттан әкелу де мүмкін. Баға жоғары болуы мүмкін, бірақ тапшылық болмайды. Ал қазіргі жағдайда мемлекет ішкі нарықты қорғау үшін реттеу арқылы үш зауытты ұстап отыр. Сондықтан төртінші зауыттың қажеттілігі туралы мәселе баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты.