Жаңабек Жетіруов – аты елімізге ғана емес, шетелдерге белгілі режиссер, киносценарист. Өнерде өз қолтаңбасы бар, ұлттық киномыздың өресін көтеруде жемісті еңбек етіп, өз саласында еліміздің атын шығарып жүрген өнер иесі. Халықаралық кинофестивальдерде талай рет жүлдегер болған. «Дүниежарық» (2006), «Аққыз» (2011), «Джульетта и артист» (2012), «Шыңырау» (2018) секілді көркем фильмдердің және көптеген деректі фильмнің авторы. Біз белгілі режиссермен сұхбатымызда оның өз шығармашылығы және бүгінгі қазақ киносы жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Сіздің ғұмыр жолыңызды шолып шыққанда КазГУ-дің филология факультетін бітіргеніңізді білдім. Бірақ аз ғана уақыт мұғалім болыпсыз да, Мәскеуге барып кинорежиссер мамандығы бойынша білім алып, біржола кино саласына кетіпсіз. Бұл бұрылыстың себебі не?
– Әрине, кинорежиссер болуды жастайымнан армандаған жоқпын. Бес жыл бойы КазГУ-дің конкурсынан өте алмай, пойызда келе жатып бір адаммен кездесіп қалып, сол адам осы мамандықты таңдауыма себепкер болды. Сол кезден бастап ізденіп, оқып, режиссер болуды мақсат етіп, киноның жолына түстім. Киноны ойлы, ұлттық бағытта жасайтын маман болсам деп армандадым. Өйткені кино әдебиеттің, театрдың, музыканың, суреттің, әр өнердің басы қосылатын өнер ғой. Сондықтан киносценарист, кинорежиссер болу үшін әдебиетті, сахнаны, музыканы, суретті – бәрін қолдан келгенше тереңірек игерген дұрыс. Өйтпеген күнде толыққанды маман болып жетілмейсің. Әрине, бірден Мәскеуге барып киноның оқуына түсуге мүмкіндік болған жоқ, сол үшін алдымен филологияны оқып алайын дедім. Мектепте жүргенде қазақ әдебиетіндегі мықты шығармалардың бәрін оқып тауыстым, одан орыс классикасы, әлем классикасына бет бұрдым. Сондықтан филологияға келгенше оған керектің біразын жақсы игеріп келдім. Бірақ бірден жолым бола қойған жоқ, жоғары білім алсам деген талпыныстарым сәтсіздікке ұшырап, оқуға түсе алмадым. Сосын үйге Алматыда оқып жатырмын деп, КазГУ-дің дайындық курсына оқып, содан кейін барып университетке түстім. Бірге оқыған балаларға менің көп оқығанымның көмегі тиді. Оларға сессияға дайындық кезінде орыс, шетел әдебиетінің классиктері, олардың қаламынан туған шедевр туындылар туралы айтып беруге жалықпайтын едім, өйткені кім де болса жарты жылдың ішінде оларды игеруге мүмкіндік жоқ қой.
Көп оқығанның пайдасы тимей тұрмайды. Мәскеуге 2-жылдық жоғары сценарийлік-режиссерлік курсты оқуға барғанымда ол жердегілер менің білімімді байқап көріп, «мына бала дайын болып келген екен» деп, жақсы қабылдады. Мен қазақ, орыс, әлем классикасынан ғана емес, драма, балет, классикалық музыка – бәрін оқыдым, көрдім, тыңдадым. Өзіме керекті дүниелерді ойға сіңірдім. Өйткені киноға соның бәрі керек.
– Ана бір жылдары өнер адамдары далада қалғандай болды ғой, көбісі күн көру үшін басқа салаларға кетіп қалып жатты. Сіз сол кезде қайттіңіз, киноны қойып кеткіңіз келген жоқ па?
– Өнер дегеннің киесі болады. Ол да махаббат сезімі сияқты. Сүйгенінен көңілі қалған адам қайырылмай кетеді ғой, өнер де сондай. Күнкөріс үшін немесе әлдебір қиындыққа шыдамай Құдайдың берген өнерінен қол үзіп кетсең, ол да сенен теріс айналады. Кейін есіңді жинап қайта келгеніңмен қабылдамайды.
Сен айтып отырған кезең тәуелсіздіктің елең-алаңы ғой. Рас, ол кезде «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, елдің абыржыған кезі болды. Өнер адамдары да күнкөріс үшін базар жағалап кеткен шақ болды. Бірақ біз өнерге адал болдық, әйтеуір жағдай бір жөнделер деген үмітпен «Қазақфильмнің» босағасында жүрдік. Аз ғана уақыт «Хабар» арнасында жұмыс істеп, деректі фильмдер түсірдім. Кейін «Қазақфильмге» қайта оралып, сол арада деректі фильмдер бөлімін басқардым. Кей жылдары 2-3 фильм түсірсек, кей жылдары 6-7 фильм шығарған кездеріміз болды. Әрине, байып кеткен жоқпыз, бірақ амалдап күн көріп, өнерімізді жалғастырып кетуге себі тиді.
Өнерге адал болсаң түбінде далада қалмайсың. Өнер де өзіне беріле еңбек етпейтіндерге ішін ашпайды.
– Шынайы өнер адамдарының өмірі қызыққа толы болады ғой, кей жағдайлар тіпті мистикаға астасып жатқандай болады. Шынына келгенде, шабыттың өзі іләһи дүние. Сіз кино түсіріп жүргенде қандай ерекше жағдайларды бастан кешірдіңіз? Өз ісіңізде өзіңізді таңдантқан жайлар болды ма?
– Жалпы, өнер адамдарының өмірі мистикаға толы ғой. Шабыт дегеннің өзі де сол мистикадан бастау алады десем артық болмас. Оны көбіне кейін сезіп жатасың. Мысалы, мен «Аққыз» деген фильм түсірдім, өз қаражатыма. Уақыт шектеулі болды, яғни камераларды жалға алғандықтан қалағанымша күнді созып жүре алмаймын, операторым бес-ақ күнге келген. Оның үстіне, о кезде қазіргідей сандық аппарат емес, пленкаға түсіретін едік. Пленканы Хайролла Ғабжалилов деген азаматтан бес миллион теңгеге сатып алдым.
Киноны түсіруге жан-жануарлар, құстар қажет. Менің кинома да аққу керек еді. Бірақ оны хайуанаттар бағынан алуға мүмкіндік болмады. Маған бермеді. Неге? Баяғыда «Қыз Жібек» киносын түсірген кезде зообақтан 12 аққуды алып кеткен ғой, киноны түсіріп болғаннан кейін кеш түсіп кетіп, алған жеріне уақытында апарып бермей, ертең жеткізерміз деп аққуларды бір бөлмеге қамап кеткен. Ертеңіне келсе аққулардың бәрі өліп қалыпты. Міне, мен кино түсірерде осы оқиға алдымнан шықты. Зообақтың құстар бөліміне жауапты адам «Тіпті, Президенттің өзі келіп сұраса да бермеймін» депті ашуланып. Бұл жағдай мені әбден тығырыққа тіреді. Уақыт болса өтіп жатыр, Оразаның кезі болатын. Бір күні таңертең тұрып жатқан үйдің терезесінен көлге қарасам жағалаудан алыста бірдеңе ағараңдайды. Далаға шығып қарасам – аққу! Ертеңіне келсек әлі жүр! Сосын түсіре бастадық. Аққу бізге қарай жақындады, қанатын қақты. Түсіріп, керек кадрларды алдық. Мен қанаты сынып, серігінен айырылған құс шығар деп ойлағам. Бір кезде қанатын сермеп ұша жөнелгенде... бармағымды тістедім. Пленка таусылған. Әйтпесе, кинодағы кейіпкерімді қанатын сермеп ұшқан аққудың ізінен жүгіртіп түсіріп алсам деген ойым бар еді. О кезде қазіргідей цифрлы камералар жоқ қой, қалаған кезіңде қалаған объектіні түсіре беретін. Түсіру үшін алдымен камераға пленка салу керек. Таңғалғаным, сол аққу біз кино түсіріп болғанша теңізде кетпей жүрді. Мұны кездейсоқ деп айтуға бола ма? Менің ойымдағыдай өнер туындысын жасауға шарасыз қалған кезде Жаратушыдан келген көмек емес пе бұл?
Сценарий бойынша, қаскүнем кейіпкер бас кейіпкердің анасына күш көрсетпек болады, сол кезде қызы келіп қалады да жылайды. Осы кезде жігітке қарай қаптаған құстар ұшады, зорлыққа, қиянатқа атылған оқтай болып. Мен оны компютерлік графикамен жасармын деп ойлағанмын және ол ойымды ешкімге айтпағанмын, сценарийде бар бірақ. Ал сол кадрды демалып, тамақ ішіп отырғанда өз көзіммен көрдім. Камера дайын емес еді. Бәріміз қаннен-қаперсіз отыр едік. Бір кезде аралдағы бүкіл құстар жан жағымызға келіп отыра бастады. Не болар екен деп күтіп отырғанмын. Бір кезде бүкіл құстар дүр етіп бізге қарай басын садақтың жебесіндей етіп, оқтай зымырап ұшқан кезде тура ойымдағы кадрды көрдім. Демек, ойымның дұрыс екенін біздің санамыздан тысқары бір күш сездіріп тұр ғой!
– Енді осы тұста өнердің адам санасына әсері туралы айтайықшы. Біреулер «адамның жанын өнер тәрбиелейді, сондықтан өнер туындысы ізгілікке, адамгершікке үндеу қажет» дейді, енді біреулер «өнер бала тәрбиелейтін педагогика емес, сол сияқты насихат құралы етуге болмайды» деп бір-біріне қарсы шығып, қызылшеке болып айтысып жатады. Сонда өнердің миссиясы не?
– Адамның ойы, ниеті қалай болса, оның көретіні де солай болады. Қазақтың «Ниетің жолдасың болсын» дейтін сөзі бар ғой, сол бір жағынан «жамандықты ойласаң жамандыққа жолық» деген қарғыс секілді, екінші жағынан «жақсылықты ойласаң жақсылыққа кез бол» деген алғыс сияқты. Бүгінгі адамдар неге депрессияға ұшырап, түрлі бәлеге кез болып жатады? Өйткені аңдитыны өсек-аяң, істейтіні сүрінгенге күлу, біреуді мұқатқанға мәз болу! Бұл өнер адамдарын да ойландыруы керек. Халыққа ұсынған қандай өнер туындысы болса да оның әсері болмай қалмайды. Неге қазір адамдар жеңілге әуес, түсініктіге құмар? Себебі арзан ойын-күлкіге арналған жеңілтек шоулар, адамның жан-сырын жалаңаштауға құмар туындылар қаптап кетті.
Өнердің өз миссиясы ғана емес, ырғағы, философиясы, міндеті бар! Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың бір әнінің сөзін не сазын бүлдіріп айтып тұрған біреуді көрсең жақтырмай тыжырынып қаласың ғой. Неге? Себебі оның гармониясы бұзылды. Ол адамға теріс әсер етеді. Адам жаны жалғандықты қабылдай алмайды, тіпті өнер туындысын түсінбегеннің өзінде ондағы үйлесімнің бүлінгенін жүрегі сезеді.
Адам баласы қайғыны іздеп жүріп тауып алмайды, қолдан келсе одан қашық жүргенді қалайды. Себебі жаратылыс гармонияға, жақсылыққа құрылған. Адам өмір сүріп жатқан қоғамдағы, ортадағы гармония бұзылса өмірдің де тас-талқаны шығады. Адал табыс таза еңбекпен келеді, ал байлыққа маңдайын терлетпей тез ие болу үшін адамдар түрді қылмысқа барады, өтірік айтады, алдайды, алаяқтық жасайды, кісінің хақын жейді. Ал соның ізсіз кетуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Өмір осындай болғанда өнер де сондай! Өнерде неше түрлі қитұрқылықпен атын шығарып, соны табыс көзіне айналдырғандар де күндердің күнінде есебін береді.
Өнердің мақсаты адамдардың ойлау деңгейіне қарай қалауын жасап беру емес, адамды сұлулықты – гармонияны сезінуге, ізгіліктің мәнін ұғып, санасына сіңіруге көмектесу, биік талғамға жетелеу. Былайша айтқанда, жанды тәрбиелеу арқылы дұрыс адамды қалыптастыру. Абайдың «толық адам» концепциясының мәні де сол ғой. Ал бізде не болып жатыр? Кино саласын ғана айтайын. Бүгінде бұл саланы кәсібилігі туралы сөз айтуға келмейтін адамдар басып барады. Оларға кино өнер емес, ақша табу құралы. Оларды өзі жасаған нәрсенің жұртқа әсер еткені тіпті де қызық емес, бар болғаны адамдардың жабайы сезімдерін қоздырып, хайуани тілегін қанағаттандырса, дарақылықпен күлдіріп назарын тартса, сол арқылы жұртты көбірек көруге мәжбүрлесе – мақсатына жеткені. Адамдардың бәрі бірдей интеллектуал емес қой. Сондықтан отқа жүгірген көбелектей күйіп қалатындар көп. Оның зардабы болмай тұрмайды. Сосын біреуге еткен қиянаттың да қайтарымы болады. Жұртты алдасаң, алдыңнан шықпай қоймайды. Бірақ оны ойлап жатқан кім бар?..
– Сізге де жеңіл кино түсіруге ұсыныс жасағандар болды ма?
– Әрине, талай болды. Қаржы тапқан, өздерінше бірдеңе түсіргісі келеді. Сценарийлерін оқып көріп, «мынадай сценариймен түсіру ұят қой, одан да былай жасасақ қайтеді» деп ойымды айтсам, «жоқ, бізге осыны түсіру керек» дейді. Әрине, көзім көріп тұрған жөнсіздікке бармадым. Бірақ солар кейін басқа адам тауып, өз ойларындағы киносын жасады. Алайда одан не шықты? Ештеңе де. Шықпай жатып ұмытылды. Кейде үлкен тұлғалар жайында немесе ұлттық мәселелер жөнінде кино түсіруге конкурстар болады, біз де өз сценарийімізбен қатысамыз, бірақ конкурста жеңіл түсіргісі келетіндердің жолы болады.
– Қазақ киносында «жаңа толқын» деген бір лек болды ғой, олардың ұлттық киномызға қандай әсері болды деп ойлайсыз?
– «Жаңа толқын» деген, шынымды айтсам, қазақтың кәсіби актерлері үшін үлкен қасірет болды десем, артық айттым деп ойламаймын. Олар «өзгеше» фильмдер жасаймыз деп, эксперимент жасап кейіпкерлерін көшеден іздеді. Кәсібилік болмаған жерде қандай өнер болады? Ал соның кесірінен небір мықты актерларымыз киноға түспей қалды. Ол толқынның режиссерлері қазақты білмейтін, орысша оқығандар еді. Ұлттық болмысты түсінбейтін адам ұлтқа қажет өнер жасай ала ма?
Қазақтың ақшасына жасалған өнер туындысы қазаққа қызмет етпесе, одан не пайда? Қазақ көрермені неге әлі күнге Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесін», Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз Жібегін», Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожасын» қайталап көруден жалықпайды? Өйткені шынайы туынды ғана елдің көңілінен шығады.
– Қазір кино саласына қызығатын жастардың талпынысы қалай? Ұлт туралы, ұлттың әдебиеті мен өнерін терең білуге ұмтыла ма?
– Кинорежиссер боламын немесе сценарист боламын деген жастардың ішінде, неге екені белгісіз, қазақшадан мақұрымдары көп. Өйткені бұл салаға қызығатындардың дені қала жастары ғой. Ал ауыл жастарының ішінде актерлік болмаса, кино маманы болуға талпынатындар тіпті аз. Біраз жылдан бері Тұран университетінде сабақ беріп, киномамандар дайындауға қатысып келемін. Қазақша оқығысы келетіндер жоқтың қасы. Бәрі орысша бөлімге тапсырып жатады. Бұл деген қазақ киносының болашағы орыстілділердің қолында кетеді деген сөз емес пе? Осы бір келеңсіз жағдайдан шығудың жолын іздеп, кинорежиссерлікке ауыл балаларын тартқым кеп әрекет жасап көрдім. Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары қазақ тілі өркендеген жер ғой, қазақты былай қойғанда ол жердегі өзге ұлттардың өзі қазақ тілінде сайрап тұрады. Сондықтан сол жақтағы басшыларға «мектептерде оқушылар арасында кинофестивальдер ұйымдастырайық» деп хат жаздым. Оларға сценарий жаздырып, оны киноға айналдырып, киноның қалай жасалатынын көрсетсем, арасынан кино саласына қызығатын қабілетті балалар шықса, солар болашақ қазақ киносын жасауға атсалысса деген үміт қой. Бірақ ұсынысыма қызыққан басшы болмады.
Қазақша оқымаған, қазақтың жан дүниесін түсінбейтін режиссер қалай қазақ киносын жасайды? Бүгінде режиссер болсам деп жүрген жастар қазақша оқымайды. Қазақтың тілін, әдеп-ғұрпын білмейді, әдебиеті мен мәдениетінен хабары жоқ. Оның үстінде кино саласында сабақ беріп жүргендердің бәрі Мәскеуде орысша оқып келгендер, оқулықтары түгелге жуық орысша.
Қайбір жылды киномамандар дайындайтын бір оқу орнында оқып жатқан Моңғолиядан, Қытайдан келген балалар орысша түсінбейді, соларға қазақша оқытатын адам керек деп шақыртқан соң барсам, факультет декандары өздерімізде мамандар жеткілікті деп жолатпайды. «Ау, орысша білмейтін балалар қалай оқиды, орысша беріліп жатқан білімді қалай игереді?» десем, «қасындағы балалардан үйренеді» дейді. Өзі енді оқып жатқан адам өзінің шала білетін нәрсесін басқаға қалай үйретеді? Демек, бұл салада қазақша білім беруге ешкімнің құлқы жоқ деген сөз. Содан келіп қазақты білмейтін режиссерлер шығып, қазақ туралы кино түсіреді. Ол кинолардағы кейіпкерлер қазаққа ұқсамайды. Міне, бүгінгі елімізде дайындалып жатқан қазақ киномамандарының сыйқы!
– Өкінішті екен... Десек те, өзіңіздей бірлі-жарым ағаларын үлгі тұтатын жастар шығып қалар деп үміттенейік. Себебі кино саласындағы еңбектеріңіз, жетістіктеріңіз елдің көз алдында ғой. Енді өз киноларыңыз туралы айта кетсеңіз. Әбіш Кекілбаевтың атақты «Шыңырау» хикаяты негізінде кино түсірдіңіз. Ол киномамандардың да, көрермендердің де көңілінен шықты. Ол киноны түсіруге не себеп болды?
– Әбіш ағамыздың шығармаларымен жас кезімнен таныспын ғой. Ғаламат жазушы. Қай шығармасында болса да терең философия бар. Шабыт береді, сүйсіндіреді. Сондықтан о кісінің бір туындысы негізінде кино түсіру ойымда жүретін. Естуімше, Әбекеңнің «Шыңырауы» бойынша менен бұрын да кино түсіргісі келгендер болыпты. Бірақ Әбіш аға олардың сценарийін оқыпты да, жақсы не жаман деп ештеңе айтпаған көрінеді. Мен де Әбекеңе барып сценарийімді көрсеттім. Бар болғаны алты-ақ бет өзі. Әбекең оқып шықты, ұнатты, тек «құдықты дым тез қаздырып тастайды екенсің» деп ескерту жасады. Сөйтсем, Маңғыстауда құдық қазу біздің Сыр бойындағыдай емес екен. Бізде жердің топырағы жұмсақ, қазса 3-4 метр тереңдіктен су шыға береді ғой, ал Маңғыстауда құдық тасты жерден қазылады екен, оның үстіне су өте тереңнен шығады, оны өз көзіммен көргенде ғана білдім.
Кино түсіруге кіріспес бұрын локация қарауға Маңғыстауға бардым, қасымда операторым бар. Үш күнге барғанмын. Сол жерде көптеген халықаралық фестивальдың лауреаты, талай Гран-при жүлдесін алған тәжіктің атақты кинорежиссері Бахтиёр Худойназаров «Возвращение моря» деген кино түсіріп жүр екен, оған Германия, Ресей, Қазақстан қатысып жатыр. Оның киносының сценарийінде теңіз толқып, толқын көтерілгенде кеме аударылып, адамдар суға кететін көрініс бар. Сол көріністі түсірейін десе теңізде әлгіндей құбылыс бола қоймай, соның кесірінен фильмі 4 жылға созылған ғой. Ал мен 3-ақ күнге бардым, сонда өте сирек болатын теңіз буырқануын көрдім. Одан соң киноға жер көгеріп жатқан кездегі көрініс керек. Бірақ аяқ астынан оның да сәті түсті, Жаратушы иемнің құдіретімен үш күн жаңбыр құйып, жер көктеп кетті ғой! Бұл да бір мистика сияқты нәрсе. Әулиелер мекені атанған қасиетті Маңғыстау жеріндегі еңбегім солай сәтті болды. Үш-ақ күнде түсіргендеріміз фильмнің 10 пайыздайын құрады. Сол түсіргендерімізді (кинопроба) осында келгенде көрсеткен соң біздің фильмге кедергі болғысы келгендердің аузына құм құйылды. Сөйтіп, фильміміз сәтті шықты. Басты рөлді ойнаған актердің өзі түсіру процесінде образға сәтті кіріп, Еңсепті керемет әсерлі сомдады.
2019 жылы «Шыңырауды» Қытай киномамандары дүниежүзінен таңдап алынған он екі үздік фильмдердің қатарына қосып Бүкілқытайлық кинофестиваліне шақырды. Бұл аталған фестивальге Қазақстаннан қатысқан тұңғыш фильм болатын. Бас жүлдені «Үздік шетелдік фильм» ретінде Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміне берді. Бірақ марапаттау біткен соң қытайлық мамандар «Фильміңізді біз сатып аламыз, прокатқа шығарып, өзімізде көрсетеміз» деп ұсыныс жасап келісімшартқа қол қойылды. «Үздік шетелдік фильм» жүлдесін алған фильмді алмайсыздар ма көрсетуге?» десем, олар «Айка» жүлдегер болғанымен, ол әлеуметтік мәселені көтерген фильм ғой, әсері тез суиды, ал сіздің киноңыздың мәні күшті, философиясы терең, мұндай туындылар жүз жылдан кейін қайталап көрсетсе де, көрермен қызығушылығын оятады» деді.
Әрине, кино ақшаны көп талап ететін сала, бірақ киноның бюджеті мол болса, мықты режиссер түсірсе ол экономикалық һәм рухани тұрғыдан да зор пайда әкеледі. Мәселен, мен түсірген «Шыңырауға» 180 миллион теңге бөлінді, оны атақты Әбіш Кекілбаевтың шығармасы бойынша Маңғыстауға барып түсірдік, ал дәл сол кезде осы Алматыда түсіріліп жатқан «Балуан Шолақ» фильмінің бюджеті 600 миллион теңге болды. Ақтауға 80 адамды апарып түсірдім. Олардың ұшақпен барып-қайтуы бар, жатын орны, тамағы, ары-бері алып жүретін көлігі бар, оған актерлар мен техникалық қызметкерлердің қаламақысын қосыңыз. Соның бәріне бөлінген ақшаны әрең жеткіздік. Түсірілім кезінде болған кедергілер жайлы айтпай-ақ қояйын. Сөйтіп, түсірген фильмді 2019 жылы Маңғыстауда Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай іс-шараға апарғым келді. Өйткені мені де аталған іс-шараға шақырған. Іс-шара аясында «Шыңырауды» Әбекең туған жердің халқына көрсетейік десем, ондағылар «Киноны көрсете алмаймыз, өзіміз жоспарлап қойған іс-шаралар бар» деп ұсынысымды қабылдамады. Сосын ашуланып, «Киномды көрсетпесе несіне барам» деп бас тартып едім, Әбіш ағаның зайыбы Клара апай телефон соғып, «Сен Әбіштің туындысын фильмге айналдырған адамсың ғой, кел. Келмесең ұят болады» деген соң амалсыз баруға мәжбүр болдым. Бір өкінетін жай, «Шыңырау» пандемияның тұсында жарыққа шығып, көпшілік баратын кинотеатрларда көрсетілмеді...
– Бір фильміңізді Қазақстанның тұңғыш Президенті арнайы алдырып көріп, ұнатқан деп естіп едім...
– Иә, «Дүниежарық» деген тұңғыш көркем фильмім ғой. Оны алдырып көргені рас, фильмім ол кісіге ұнаған көрінеді. Соның әсері ме, басшылық марапатқа ұсынып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын берді. «Дүниежарық» 2008 жылы Халықаралық Канн кинофестиваліне конкурстан тыс қатысып продюсерлер мен кинопрокатпен айналысатындарға көрсетілді. Фестиваль тұңғыш рет қазақ киносын насихаттап сату үшін «Дүниежарықтың» арқасында бізге павилионнан тегін орын берді. Бұл құрметке «Дүниежарық» фильмінің бұған дейін жиырмадан астам кинофестивальге қатысып, ондаған жүлде алып, жер-жерде баспасөзде фильм туралы жазылған материалдар себеп болды-ау деп ойлаймын.
«Дүниежарықта» қазақтың табиғатында бар сұңғылалық қасиеті жайлы айтылады. Бас кейіпкер өмір бойы теміржолда еңбек еткен зағип адам. Ол түйсігіне сенеді. Жаңадан салынған темір жолды сынақтан өткізу кезінде ол жолдан техника таба алмаған кемшілікті табады. Шынында бұрын қазақ даласында ондай табиғат тылсым қасиет дарытқан адам көп болған ғой. Кино арқылы сол көнеден келе жатқан естіліктің маңызын астарлап жеткізгім келді. Технология қанша дамығанымен адамның түйсігіне жетер не бар? Бүгінде көп сөз болып жатқан жасанды инттелекттің өзі адам жасаған, адам тапқан деректер шеңберінде жұмыс істемей ме? Демек, озық технологияның қалай қолданудың өзі адамның ниетіне байланысты.
– Италияға барып түсірген, бір конкурста Гран-при жүлдесін олжалаған, бар-жоғы он-ақ минуттық «Джулетта және артист» деген фильміңіз бар екен. Сол жайлы да айта кетсеңіз?
– 2012 жылы «Аққыз» фильмін Римде өтетін халықаралық «Азиатика» кинофестиваліне шақырды. Фестивальдың аясында 4 елден келген өздерін халықаралық А класындағы фестивалдерде бас жүлде алып дәлелдеген режиссерлер арасында қысқаметражды фильм түсіруден конкурс болды. Төртеумізді аты мәлім төрт суретшімен кездестіріп, солардың шығармашылығын ашып көрсететін фильм түсіруге тапсырма алдық. Біз алғашқы күні суретшімен танысып, суреттерін көріп, ертеңіне түсіруді бастап кеттік. Үш күнде түсіріп, үш күн монтаждап фильмді дайындап бердім. Конкурс барлық фильм дайындалып біткен соң өтті. Нәтижесінде, бас жүлдеге ие болдым. «Аққыз» конкурстан тыс көрсетілген соң менің бұл жетістігіме ешкім мән берген жоқ. Кинода мұндай жылдамдық аса қажет. Өйткені әрбір күнің қаражатты қажет етеді. Сондықтан режиссер тез ойлап, тез шешім қабылдай білуі керек. Мен «Дүниежарықты» он күнде, «Аққызды» он екі күнде, «Шыңырауды» 24 күнде түсіріппін. 70-тен астам деректі фильмімді де уақытында түсіріп аяқтағанмын. Демек, ешкімнің ала жібін аттамай, ешкімге қиянат жасамай, өнерге адал терің төгілсе, әрқашан жолың болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ