ШҚО-да есірткі өсірген фитозертхана әшкереленді

Бүгін, 08:14 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жасырын фитозертхананың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында анықталған.

Санкцияланған тінту кезінде 53 жастағы облыс тұрғынына тиесілі тұрғын үй мен оның ауласынан арнайы жабдықталған бөлме табылған. Тергеу мәліметіне сәйкес, аталған орында кәсіби құрал-жабдықтардың көмегімен есірткі сипатындағы өсімдіктер өсірілген.

Заңсыз айналымнан 28 түп өсімдік, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған 18 полимерлі пакет және өсіруге арналған техникалық құрылғылар – жарықдиодты шамдар, желдеткіштер мен электронды таразылар тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған есірткі заттарының жалпы салмағы шамамен 1,5 келіні құрады.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті есірткінің заңсыз айналымы қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін атап өтіп, азаматтарды күмәнді фактілер туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.