Есіл ауданындағы Қаратал ауылы өңірдегі төртінші, ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша алкогольден толықтай бас тартқан отыз бесінші елдімекен атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ауыл ақсақалдарының бастамасымен бұл маңызды шешім ерекше челлендж арқылы айшықталды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, полиция және прокуратура өкілдері қолдау білдірді.
Салауатты өмір салтын насихаттаған ауыл тұрғындары скандинавиялық жүріс жасап, Қараталдың көше-көшесін аралап өтті. Осылайша олар ішімдіксіз өмірді таңдағандарын көпшілікке паш етіп, бастаманы Мамлют ауданына жолдады.
Николаев ауылдық округінің құрамына кіретін Қараталда бүгінде 19 үйде елуге жуық тұрғын тұрады. Ауыл жастары қаладағы туыстарымен байланысын үзбей, жиі қатынап тұрады. Елді мекенге қызмет көрсететін тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Ринат Садвакасов ауылға негізінен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында келеді.
Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы Руслан Мұхамбетжановтың айтуынша, Қаратал ауылында соңғы қылмыс 2023 жылы тіркелген. Ол кезде мал ұрлығымен айналысқан тұлғалар бір қойды ұрлаған, күдіктілер сол жылдың қыркүйек айында ұсталған. Соңғы бес жыл ішінде елді мекенде алкогольге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.
Руслан Мұхамбетжановтың пікірінше, "ішімдіксіз ауыл" бастамасы — қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын орнықтыруға бағытталған тиімді әрі сенімді қадам.