Парламентаризм институты жаңа Конституция жобасын қолдады

Бүгін, 15:12 / Інжу Әлихан

12 ақпанда республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланды. Құжатты әзірлеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.

Конституциялық реформа бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған. Ел азаматтары мемлекеттің саяси жүйесінің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешім қабылдамақ.

Парламентаризм институты Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстарды әзірлеу жұмысына белсенді түрде қатысты. Өткен жылдың күзінен бастап eGov және e-Өтініш платформалары арқылы Институтқа азаматтардан 600-ге жуық бастама келіп түсті. Сарапшылар олардың әрқайсысына жан-жақты талдау жүргізіп, мазмұны жағынан өзекті ұсыныстарды Парламенттік реформа мәселелері жөніндегі отырыстардың қарауына шығарды. Институт директоры Наталья Пан реформа бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына еніп, негізгі ережелерді талқылауға қатысты.

Бүгін Парламентаризм институтында жаңа Конституция жобасын сараптамалық талқылау өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар қатысты.

Іс-шараны Парламентаризм институтының директоры Наталья Виссарионовна Пан жүргізді.

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Конституция жобасы қоғамның негізгі үміт-тілектерін ескеріп, заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін атап өтті. Оның айтуынша, құжат саяси жүйені жаңғыртуға және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу тетіктерін нығайтуға бағытталған.

«Конституция – уақыт пен қоғам сұранысына жауап беретін өміршең құжат болуы тиіс», – деді депутат.

Сондай-ақ ол Ата Заңды қабылдау бүкіл халықтың ортақ шешімі болуы қажет екенін айтып, азаматтарды алдағы референдумда жобаны қолдауға шақырды.

Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ халықаралық шарттарды қолдануға қатысты нормаларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы бағыну қағидатына емес, өзара іс-қимыл мен үйлестіру тетіктеріне негізделеді, бұл екі құқықтық жүйенің дербестігін айқындайды. Ұсынылып отырған жаңашылдықтар Қазақстанның халықаралық міндеттемелерге адалдығын сақтай отырып, құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ жиында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Индира Ураловна Аубакирова, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфуллиновна Нахбаева, сондай-ақ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы баяндама жасады.

Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы өз сөзінде әлеуметтік зерттеулер деректерін келтіріп, соңғы бір жыл ішінде азаматтардың 70–75 пайызы өзін ең алдымен қазақстандық ретінде айқындайтынын атап өтті. Бұл қоғамдық санада азаматтық бірегейліктің берік орныққанын көрсетеді. Ал өзін этникалық белгісі бойынша анықтайтындардың үлесі шамамен 24–29 пайызды құрайды және бұл арақатынас тұрақты сипатқа ие.

«Бұл қоғамда азаматтық сана басымдыққа ие тепе-теңдік сақталғанын білдіреді. Мұнда бөліну емес, ортақ азаматтық негіз туралы сөз болып отыр», – деді спикер.

Оның айтуынша, «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз» деген тұжырым жалпыұлттық бірлік идеясын білдіреді, ал әр азаматтың өзінің этникалық тиесілігін еркін айқындау құқығы мәдени ерекшеліктердің сақталуына мүмкіндік береді.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева орталықтың Қазақстан жастарының құндылықтарын, ұстанымдарын және қоғамдық өмірге қатысу нысандарын 13 жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде зерттеп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан жастары – 2025» зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, жастардың саяси күн тәртібіне қызығушылығы әртүрлі деңгейде қалыптасады: 34,6 пайызы саясатқа мезгіл-мезгіл назар аударса, 26,8 пайызы маңызды оқиғалар кезеңінде белсенділік танытады, ал 14,3 пайызы саяси үдерістерді тұрақты түрде қадағалап отырады. Бұл жастардың қоғамдық маңызы бар процестерге бейжай қарамайтынын және қатысуға дайын екенін көрсетеді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның мемлекетті одан әрі дамыту, демократиялық институттарды нығайту және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін арттыру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.