«Жасырын жазбалар келіп жатыр»: Құлсарыдағы оқушы жайында тың ақпарат шықты

Бүгін, 19:53 / Өтей Торғайұлы
коллаж: turkystan.kz

Танымал журналист Жанат Молдашева Атырау облысындағы мектепте балта ала жүгірген оқушы жайлы тың ақпарат айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Журналист ресми дереккөздердің де қате ақпарат жариялағанын алға тартты.

"Құлсарыға барып, мектептегі жағдайды зерделеп көрдім. Бірнеше күннен бері шу болған тақырыпқа қатысты білімге жауаптылардан бастап, бәрінен сұхбат алуға, оны өз көрермендеріме жариялап отырмын. Ресми дегендердің өзі ақпараттан қателесіп жатыр. Мұның өзі салғырттық. Мысалы, білім басқармасы басшысы бұзақылық танытты деген бала “мектепішілік есепте жоқ” деді. Кеше білім ордасы оқушының есепте тұрғанын, мұны басшылық білетінін айтты. Ал енді жоғалған балтаға келсек. Оны да “табылмады” деді. Бірақ кеше Полиция Департаменті ресми ақпарат бермесе де “Сол күні балта айғақ ретінде алынды” деп отыр. Ал прокуратура “ол айғақ, яғни табылған балта әлі дәл сол қылмыс құралы ретінде анықталған жоқ” дейді.
Сонымен ол оқиғаны құзырлы органдар жіті тексеріп жатыр. Әзірге буллинг екені де айқындалған жоқ.
Біздің мақсат елді алаңдатып отырған өзекті мәселе бойынша сәл де болса, ақпарат беру. Қырағы көрермен оқиға барысын ұқты", - деді Жанат Молдашева.

Сонымен қатар, Жанат Молдашева істе шикілік бар екенін байқағанын айтты.

"Шикілік көп. Тіпті, мектеп мұғалімдері де, ата-аналар да білетінін ашып айта алмай тұр. Жасырып қалды. Өзім де адамдардың әрекетінен, әңгімесінен біраз былықты байқадым. Бәрін ашып айта алмаймын. Өйткені оны тергеп-тексерушілер анықтайды.
Осы оқиғаға қатысты жасырын түрлі жазбалар келіп жатыр. Жергілікті жылыойлықтар бәрін де біледі. Бірақ жасырады.
Мұндай оқиғаларды жылы жаба салмай, қоғам талқылауы тиіс. Бірақ ақпаратты (әркімнің әңгімесін, сұхбатын) талдап, тексеріп, сыни көзқараспен қабылдау қажетпіз", - деді журналист.

Тэгтер:

мектеп Атырау балта