Тұңғыш Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен азаматтардың Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығына байланысты жолдаған көптеген сауалдарына жауап ретінде төмендегіні хабарлаймын.
Сара Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Алматы қаласындағы Ұлттық госпиталінде емделіп жатты. Сол кезеңде ол ауыр миокард инфарктін бастан кешірді. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтады.
С.Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған күйде болды.
Биылғы жылдың қаңтар айында жағдайының тұрақтануына байланысты стационарлық емдеу кезеңі аяқталды. Қазір Сара Алпысқызы Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында», - деді А. Үкібай.