МӨЗ мәселесі баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты – сарапшы

Бүгін, 12:02 / Ербұлан Қайрат
сурет: cntv.kz

Мемлекет басшысы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай саласындағы күрделі ахуалға назар аударды. Қазақстан жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндіргенімен, соның тек 18 млн тоннасы ғана ел ішінде қайта өңделеді. Соның салдарынан мұнай өндіруші мемлекет бола тұра, елде дизель отыны бойынша тапшылық жыл сайын қайталанып отыр.

Сонымен қатар авиациялық керосинге деген сұраныс та негізінен импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Президент ішкі нарықтағы отынға сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысты жеделдету керек екенін айтты. Министрлік мәліметіне сәйкес, жаңғырту шаралары жүзеге асқан жағдайда, жыл сайын өңделетін мұнай көлемін 9 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік бар. Яғни қазіргі 18,4 млн тонна көрсеткіші 27,4 млн тоннаға дейін ұлғайтылуы мүмкін. 

Осы мәселелерге қатысты turkystan.kz тілшісі мұнай-газ саласының сарапшысы, SPE PRMS стандарты бойынша мұнай және газ қорларын тәуелсіз бағалаушы Абзал Нарымбетовтің пікірін білді.

Сарапшының айтуынша, жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың небәрі 18 млн тоннасының өңделуі бір жағынан техникалық шектеулерге байланысты. Сонымен қатар ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнай көлемі де жеткіліксіз. Қазір жергілікті кәсіпорындар жыл сайын квота арқылы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тырысып отырғанымен, үш ірі кен орнын қоспағанда, қалған кен орындарының барлығында өндіріс төмендеп келеді. Сондықтан басқа кен орындарына мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура келеді, алайда уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Оның сөзінше, егер үш алпауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жергілікті өндірушілердің шикізаты жетпей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жобадан тыс компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тоннаға дейін қысқармақ.

Жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың тек 18 млн тоннасының өңделуі бір жағынан техникалық шектеулерге байланысты екені рас. Екінші мәселе – ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнай көлемі аз. Қазір жергілікті кәсіпорындар жыл сайын квота арқылы осы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тырысып отыр. Алайда үш ірі кен орнын қоспағанда, қалған кен орындарының барлығында өндіріс төмендеп келеді. Сондықтан басқа кен орындарына мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура келеді. Уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Үш алпауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жергілікті өндірушілердің шикізаты жетпей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жобадан тыс жергілікті компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тоннаға дейін азаймақ. Қазір олар шамамен 30 млн тонна өндіреді. Яғни 20 жылдың ішінде үш есеге қысқару көзделіп отыр. 2035-2040 жылдары олардың ішкі нарыққа жеткізетін көлемі мұнай өңдеу зауыттарына жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан үш ірі кен орнының рөлі өте маңызды. Осыдан 10 жыл бұрын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі талқыланып, нәтижесінде үш зауыт жеткілікті, оларды модернизациялау керек деген шешім қабылданды. Бұл мақсатқа 6-7 млрд доллар жұмсалды. Нәтижесінде өнім сапасы мен көлемі белгілі бір деңгейде артты. Алайда бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жетпеді. Ол кезде үш зауытты жаңғыртсақ жеткілікті болады деген пікір айтылған еді. Бүгінгі жағдай бұл шешімнің толық тиімді болмағанын көрсетіп отыр. Егер сол кезде жаңа, ірі әрі заманауи төртінші зауыт салынғанда, мүмкін қазір бүкіл елді қамтитын қуатты өндіріс іске қосылар ма еді. Үш зауытты жаңғырту сол кезеңде жеңіл жол ретінде таңдалды. Жаңа зауыт салудан гөрі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту оңай болды. Қаржыны игеру де жеңілірек еді. Алайда қазір тұтыну жылдам өсіп жатыр, көлік саны артты. Үш зауыттың қуаты жетпей отыр. Авиациялық отынды сырттан аламыз. Дизель бойынша егін егу маусымында тапшылық туындайды, кейде бензин де жетіспейді. Соның нәтижесінде төртінші зауыт мәселесіне қайта оралып отырмыз, - дейді Абзал Нарымбетов.

Оның пікірінше, Шымкент зауытын ұлғайту белгілі бір уақытқа жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ мұнайды оңтүстікке кім жеткізеді деген мәселе бар. Негізгі кен орындары батыста орналасқан. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеп келеді, соңғы 15 жылда кей өңірлерде төрт есе азайған. Өсім тек Атырау аймағында байқалады. Сондықтан логистика мәселесі өзекті. Сарапшы жаңа зауытты кен орындарына жақын, батыста салу тиімдірек болуы мүмкін екенін айтты.

Қолданыстағы зауыттарды жаңғырту арқылы өңдеу көлемін 27,4 млн тоннаға дейін арттыру жеткілікті ме деген мәселеге келер болсақ, Атырау зауыты ескі, Павлодарда да айтарлықтай кеңейту жоспары жоқ. Негізгі жоспар – Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту. Бірақ басты мәселе – қаржыландыру. Қытай тарапынан қаржыландыру болады деген пікір айтылғанымен, нақты келісім жоқ, жауапкершілік алынғаны туралы ресми мәлімет те жарияланған жоқ. Қазіргі таңда үш нұсқа бар – Шымкентті кеңейту, төртінші зауыт салу немесе екеуін қатар іске асыру. Бірақ ешқайсысында нақты қаржыландыру бекітілмеген. Қаржы болмаса, бұл жоспарлар сөз күйінде қалады. Егер Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту мәселесі шешілсе, бұл белгілі бір уақытқа жетуі мүмкін. Бірақ мұнайды ол жаққа кім жеткізеді деген сұрақ туындайды. Шымкент – оңтүстікте, ал негізгі кен орындары  – батыста. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеп келеді. Кейінгі 15 жылда кей өңірлерде төрт есе азайған. Өсім тек Атырау аймағында. Артық мұнай негізінен сол жақта. Сондықтан логистика мәселесі бар. Мүмкін жаңа зауытты – батыста, кен орындарына жақын жерде салып, сол жерде өңдеп, дайын өнімді елге тарату тиімдірек болар, – дейді ол.

Сарапшы егер жеке инвесторлар тартылса, олар ең алдымен экономикалық тиімділікті есептейтінін айтты. Ал мемлекет өз мойнына алса, бұл ұлттық компанияға үлкен жүк болады. Бұған дейін 6-7 млрд доллар жұмсалғанымен, күткен нәтиже толық орындалмаған. Сондықтан жаңа жобада бақылау мен жауапкершілік тетігі нақты болмаса, қыруар қаржы тиімсіз игерілуі мүмкін.

Жаңа мұнай өңдеу зауытын салуда бірнеше қиындық бар. Біріншісі – қаржыландыру. 10 млн тонна қуаты бар жаңа зауыт салу – үлкен инвестиция. Қаржы шешілмейінше, бұл бастама да бұрынғыдай тек талқылау деңгейінде қалады. Екінші мәселе – шикізат. Үш ірі кен орнынан басқа артық мұнай жоқ. Егер олардан төртінші зауытқа мұнай жеткізу жөнінде нақты міндеттеме болмаса, шикізат жетпеуі мүмкін. Үшінші мәселе – жобаны кім жүзеге асырады деген сұрақ. Бұған дейін үш зауытты жаңғыртуды мемлекет ұлттық компания арқылы, қарыз қаражаты есебінен қаржыландырды. Төртінші зауыт та солардың мойнына жүктеле ме, әлде жеке инвесторлар тартыла ма – бұл да беймәлім. Егер жеке инвесторлар болса, олар экономикалық тиімділікті есептейді. Егер мемлекет өз мойнына алса, бұл ұлттық компанияға үлкен жүк болады. Бұған дейін модернизацияға 6–7 млрд доллар жұмсалды, бірақ күткен нәтиже толық орындалмады. Сондықтан жаңа жобаға қыруар қаражат бөлінсе, оны кім бақылайды, сапасына кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Қаржы игеру мәселесі, бақылау мен жауапкершілік тетігі нақты болмаса, жоба тиімсіз болуы мүмкін. Мемлекет қаржысын салу неге тиімсіз дегенге келсек, Қазақстанда жанармай бағасы реттеледі. Бензин бағасы көрші елдермен салыстырғанда екі есе төмен. Егер зауыт нарықтық бағамен сатпаса, инвестиция өзін ақтамайды. Технология шетелден доллармен алынады, ал өнім теңгемен, реттелген бағамен сатылады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жеке инвестор да, мемлекеттің өзі де құлшыныс танытпауы ықтимал. Егер нарық толық ашық болса, шекаралар ашылып, баға еркін қалыптасса, онда отынды сырттан әкелу де мүмкін. Баға жоғары болуы мүмкін, бірақ тапшылық болмайды. Ал қазіргі жағдайда мемлекет ішкі нарықты қорғау үшін реттеу арқылы үш зауытты ұстап отыр. Сондықтан төртінші зауыттың қажеттілігі туралы мәселе баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты, – деді Абзал Нарымбетов.

Тэгтер:

мұнай МӨЗ