Қонаевта «Жастар Рухы» белсенділері апат салдарын жоюға жұмылдырылды

Бүгін, 15:38 / Інжу Әлихан

Қонаев қаласында қолайсыз ауа райы салдарынан болған жағдай кезінде жастар шет қалмады. Қатты желдің екпіні секундына 27 метрге дейін жетіп, қала аумағындағы 30-ға жуық тұрғын үйдің шатыры, 40 шақырым электр желілері және қалалық инфрақұрылымның бірқатар нысандары зақымданды. Осындай жағдайда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері апат салдарын жою жұмыстарына жедел түрде қосылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Еріктілер қалпына келтіру жұмыстарына тікелей қатысып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты. Жұмыс барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен жаяу жүргіншілер өтетін аумақтарға ерекше назар аударылды.

«Қазір қалада жағдай тұрақты. Бізді ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен аула ішіндегі жағдай алаңдатты. Сондықтан белсенділеріміз коммуналдық қызметтермен бірлесе отырып, нақты көмекті қажет еткен аумақтарға шықты. 20-дан аса белсендіміз бірлесіп жұмыс атқарды. Бірі шатыр қалдықтарын жинаса, енді бірі сынған ағаштарды тазалады, тағы бірі жұмыс істеп жүрген мамандарға қолдау көрсетті. Қысқа уақыттың ішінде екі үлкен жүк көлігіне толатын қоқыс шығарылды, – деді облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әділет Айтқазы.

Еріктілердің айтуынша, жұмыстар барысында тұрғындар тарапынан алғыс пен қолдау көп болған. Көпқабатты үйлердің тұрғындары жастардың жедел әрі ұйымдасқан әрекетіне оң баға беріп, мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар «Жастар Рухы» белсенділері «Кел, шай ішейік!» акциясы аясында апат салдарын жоюға қатысып жүрген коммуналдық қызмет қызметкерлері мен еңбек адамдарына қолдау көрсетті. Еріктілер оларға ыстық шай мен жеңіл тағам ұсынып, ауыр жұмыстың ортасында жүрген мамандарға демеу болды.

Айта кету керек, құтқару қызметі алдағы күндері желдің қайта күшеюі мүмкін екенін, оның екпіні секундына 17–22 метрге дейін жететінін хабарлап, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.