Оралда іздеуде жүрген азамат жасанды интеллект арқылы ұсталды

Бүгін, 14:55 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Оралда заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен іздеуде жүрген азамат қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаладағы түнгі клубтардың бірінде орнатылған бейнебақылау камерасы келушіні тіркеді. Тұлғаны тану функциясымен жабдықталған бейнеаналитика жүйесі бейнені автоматты түрде іздеуде жүрген адамдардың дерекқорымен салыстырып, сәйкестікті анықтады.

Сәйкестік туралы сигнал нақты уақыт режимінде жедел басқару орталығына түсті. Араға санаулы минуттар салып, патрульдік полиция қызметкерлері ер адамның орналасқан жерін анықтап, оны ұстап, полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, азамат Ақтөбе облысы аумағында жасалған алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілініп, іздеуде болған.

Бүгінде технология қауіпсіздікке қызмет етуде: цифрлық бейнеаналитика полицияның жедел әрекет етуін жеделдетіп, іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда.