Испания дәрігерлері тарихта алғаш рет адам бетін ауыстырды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Бұл күрделі операция Барселонадағы Валь-д’Эброн ауруханасында жасалған. Донор – өмірін эвтаназия арқылы аяқтауды саналы түрде таңдаған адам. Бұған дейін бет трансплантациясы тек миы өлген донорлардан ғана алынатын. Сондықтан бұл жағдай медицина тарихында жаңа кезең ретінде бағаланып отыр.
Операцияны доктор Баррет бастаған тәжірибелі команда жүргізді. Олар бұған дейін де екі рет бет ауыстыру операциясын жасаған. Жалпы әлем бойынша бүгінге дейін мұндай 54 операция ғана жасалыпты.
Бет трансплантациясы – ең күрделі медициналық араласулардың бірі. Оған шамамен 100-ге жуық маман қатысады: хирургтер, анестезиологтар, иммунологтар, трансплантологтар, сондай-ақ психиатрлар мен психологтар. Операция 15–24 сағатқа дейін созылады. Дәрігерлер теріні ғана емес, бет бұлшықеттерін, жүйкелерді, май тінін және сүйектерді де бірге көшіреді. Мақсат — адамның сөйлеу, шайнау, эмоция білдіру сияқты күнделікті маңызды қабілеттерін қалпына келтіру.
Донор мен реципиент өте мұқият таңдалады. Олардың жынысы мен қан тобы бірдей болуы керек, бет құрылысы да шамалас болуы тиіс. Сонымен қатар, бет адамның жеке болмысымен тығыз байланысты болғандықтан, операция алдында науқастың психологиялық дайындығына ерекше мән беріледі. Психиатрлар мен психологтар оның жаңа келбетке үйрену қабілетін, күйзелісті қалай еңсеретінін және емге жауапкершілігін бағалайды.
Операциядан кейін пациент алдымен жансақтау бөлімінде болады, кейін ұзақ оңалту кезеңі басталады. Арнайы жаттығулар арқылы бет бұлшықеттері қайта қозғала бастайды, сөйлеу мен мимика біртіндеп қалпына келеді. Бұл процесс айлар мен жылдарға созылуы мүмкін.