Президент жыл соңына дейін ЖИ көмегімен автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды

Бүгін, 12:57 / Дана Ізтілеуова

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа экономикалық үлгіге көшу барысында көлік логистикасын дамытуға жете мән беру қажет. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Қазақстанның Еуразия құрлығындағы бірегей орнын тиімді пайдаланбасақ, бұл халқымыз кешірмейтін стратегиялық олқылық болуы мүмкін. Сондықтан бұл міндеттің мән-мағынасы ерекше. Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам. Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет. Бүгінде бірқатар ірі инфрақұрылым жобасының құрылысы аяқталды. Теміржол арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі едәуір жақсарып, теміржолдың жалпы жағдайы тұрақталды. Десек те, еліміздің теміржол транзиті саласындағы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Алайда бұл маңызды мәселе бойынша анық, айқын стратегия әлі жоқ сияқты. Тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымы әлі де көп. Кейбір жерлердегі ахуал тіпті күрделі деуге болады. Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерін іске қосу керек. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» теміржолын жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. «Бақты – Аягөз» желісін уақтылы пайдалануға беру керек. Аталған мәселелер туралы жиі айтатын болдық, енді нақты нәтижеге куә болайық. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды», – дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау – кезек күттірмейтін міндет екенін баса айтты.

«Үкімет биыл транзиттік тасымал көлемін шамамен 65 пайызға, яғни 55 миллион тоннаға дейін көбейтеміз деген ауқымды міндет қойып отыр. Ал «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы өз ақпаратында бұл жоспарға күмән келтіріп отыр. Мәселе – бізде емес, іргелес мемлекеттердің жоспарлары мен мүмкіндіктерінде. Енді анықтау қажет. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы қажетті шараның бәрін қабылдауға тиіс. Соның ішінде цифрлық жаңғырту (яғни, трансформация) жұмыстарын аяқтауы қажет. Жүк тасымалдаушылардың бәріне ашық және бірдей қолдау көрсетілуге тиіс. Ол үшін ұлттық оператордың жүк вагондарын беру жұмысын толық цифрландырып, ретке келтіру керек. Теміржол саласындағы тариф саясатын реформалау – кезек күттірмейтін міндет. 1 қыркүйекке дейін жаңа тариф саясатының тұжырымдамасына қатысты түпкілікті шешім қабылдануға тиіс. Тариф саясаты, бұл – аса маңызды тақырып, көлік стратегиямыздың өзегі саналатын мәселе», – дейді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек екенін де атап өтті.

«Үкімет теміржолмен қатар автокөлік тасымалын дамытуға қатысты ірі жобаларды да жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алуы қажет. Мен «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағытындағы жолдың және Қызылорда, Сарыағаш, Рудный қалаларының сыртындағы айналма жолдың құрылысы туралы айтып отырмын. Автокөлік тасымалын дамыту туралы айтқанда, ең алдымен, жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер шешімін табуға тиіс. Жаңа жылға дейін жасанды интеллектіні пайдалана отырып автокөлік қозғалысын реттейтін цифрлық платформаны іске қосу керек. Біз жүк және жолаушылар транзитін барынша тиімді ету үшін шекарадағы өткізу бекеттерін жаппай жаңғырта бастадық. Былтыр тоғыз бекет іске қосылды. Келесі жылдың соңына дейін тағы 33 бекет толық жаңғыртылады. Цифрлық тәсілдер және жасанды интеллектінің көмегімен кедендік рәсімдерді оңтайландыру керек. Бірақ бақылау да әлсіреп кетпеуге тиіс. Еліміздің және көрші мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру керек. Мен Жолдауымда жүк тасымалын басқаратын «Smart Cargo» цифрлық платформасын, сондай-ақ кеден рәсімдерін жасайтын «Keden» жүйесін енгізуді тапсырдым. Қазір осы жүйелер пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлық мекеменің ақпараттық жүйесін өзара кіріктіріп, бұл платформалардың толық іске қосылуын тездету керек. Осылайша, біртұтас интеллектуалды көлік экожүйесі қалыптасады», – дейді Президент.