Елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 12:26 / Дана Ізтілеуова

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі аз екенін сөз етіп, Үкіметке үш айдың ішінде ол аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуді тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздің елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. Бұл мекемелер экономиканың құрылымын өзгертуге қауқарсыз. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы – экспортқа, 0,9 пайызы – шетел инвестициясына тиесілі. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды. Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар. Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек», – дейді Мемлекет басшысы.