Батыс Қазақстанда сталкинг фактісі бойынша 2 адам сотталды

Бүгін, 11:08 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында екі ер адам сталкинг фактісі бойынша сотталды. Алғашқы жағдай Бөрлі ауданында тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам жәбірленушінің үйі мен жұмыс орнының маңына жиі келген. Тіпті ол әйелге физикалық күш қолдануға әрекет жасаған. Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс сотқа жолданып, сотталушы өз кінәсін мойындады. Сот оған үш ай мерзімге мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіледі.

Екінші іс Бөкей ордасы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері тарапынан сотқа жолданды. Анықталғандай, ер адам бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалап, оған хабарламалар мен әлеуметтік желілер арқылы қорқыту сипатындағы жазбалар жіберген.

Оның әрекеті жәбірленушіге елеулі психологиялық зиян келтірген. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.