Шымкентте пәтерден үш адамның мәйіті табылды

Бүгін, 05:42 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алдын ала мәлімет өлімнің себебі көмірқышқыл газымен улану екенін көрсетіп отыр. Оқиға салдарынан анасы, оның ұлы және әжесі көз жұмған. Отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.

Қайғылы жағдайды алғаш көршілері байқаған. Үй тұрғындары пәтер иелеріне хабарласуға бірнеше рет тырысқанымен, ешкім жауап бермеген. Осыдан кейін олар құтқару қызметін шақырған.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «112» пультіне хабарлама 8 ақпан күні сағат 16:36-да түскен.

– «Күншығыс» шағынауданында пәтер иелері ұзақ уақыт бойы есік ашпай жатқаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағы жіберілді, – деп нақтылады қалалық ТЖД өкілдері.

Белгілі болғандай, пәтерден үш адамның мәйіті табылған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қайғылы жағдай көмірқышқыл газынан уланудан болған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті қызмет өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр.