Бас редакторлар клубы жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді

Бүгін, 18:33 / Дана Ізтілеуова

9 ақпанда Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа – 2026: сөз бостандығы, ақпарат үшін жауапкершілік және жеке деректерді қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, медиа саласының сарапшылары мен ардагер журналистер қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының төрағасы Б.Н. Жексенбай жүргізді:

«Сөз бостандығы — демократиялық мемлекеттің негізгі құндылығы. Жаңа Конституцияда ол бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігімен бірге нақты кепілдендірілуі тиіс.

Сонымен қатар, сөз бостандығы мен азаматтардың ар-намысы, жеке деректерінің қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдік конституциялық деңгейде айқындалуы қажет. Ал жауапкершілік құқықтық, әділ әрі теңгерімді болып, журналистік зерттеу мен қоғамдық сынға кедергі келтірмеуі тиіс.»

Дөңгелек үстел барысында 2026 жылғы конституциялық реформаның негізгі бағыттары, сөз бостандығының қазіргі мазмұны, ақпарат таратудағы жауапкершілік, жала мен ар-намыс мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі жаңа қауіп-қатерлерге құқықтық жауап беру қажеттігін атап өтті.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.С. Башимов, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасы Е. Бұрахан, «Хабар» агенттігі» АҚ төрағасы К.Б. Ойшыбаев, «Qazcontent» АҚ төрағасы А. Задабек және басқа да сала өкілдері баяндама жасап, медиа кеңістіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Жарыссөз барысында Алматы қаласы, Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарынан онлайн форматта қатысқан журналистер мен медиа басшылар өз қалаларынан қосылып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, Алматы қаласынан медиа майталмандары мен басшылары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жиналды. Өз пікірлерін ұсынды.

Талқылау кезінде сөз бостандығының демократиялық қоғамдағы негізгі құндылықтардың бірі екені, сонымен қатар ақпарат таратудағы жауапкершілік, жалған ақпараттың алдын алу және азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, жеке деректерін қорғау арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау қажеттігі атап өтілді.

 Іс-шара қорытындысы бойынша дөңгелек үстелдің резолюциясы қабылданды. Құжатта конституциялық реформаның негізгі бағыттары бойынша медиа қауымдастықтың ұстанымы мен ұсыныстары жүйеленіп, сөз бостандығын, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін және ақпарат алу мен тарату құқығын Конституцияда берік бекіту қажеттігі атап өтілді.

Резолюцияда сөз бостандығы мен ақпарат таратудағы жауапкершілік, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделі арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау конституциялық деңгейде нақты айқындалуы тиіс екені көрсетілді. Қатысушылар жалған ақпарат пен жала жабу үшін көзделетін жауапкершілік нормалары әділ, нақты және теңгерімді болуы, сонымен қатар журналистік зерттеу жүргізуге және қоғамдық маңызы бар сын айтуға кедергі келтірмеуі қажет деген ортақ пікірге келді.

Сондай-ақ резолюцияда ақпарат таратудағы жауапкершілік, жеке өмірге қол сұқпаушылық және адамның қадір-қасиетін сақтау қазіргі ақпараттық және цифрлық дәуірдің басты конституциялық құндылықтарының бірі ретінде танылып, бұл бағыттағы нормаларды халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелерді ескере отырып нақтылау ұсынылды.

Құжатта бұқаралық ақпарат құралдарының конституциялық реформаны кәсіби, теңгерімді және жауапкершілікпен жариялау арқылы қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтудағы ерекше рөлі атап өтілді. Журналистік қауымдастық жаңа Конституция жобасын одан әрі қоғамдық және сараптамалық талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

Қабылданған резолюция Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының 2026 жылғы 9 ақпанда өткен дөңгелек үстелінің қорытынды ұстанымын білдіреді және уәкілетті мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптарға ұсыныс сипатында жолданатын болады.